Туризм және спорт министрлігінде өткен кеңейтілген отырыста 2024 жылдан бастап спорт төрешілерінің айлығы базалық лауазымдық жалақыдан 100%-ға дейін көтерілетіні белгілі болды.
Сондай-ақ, спортшыларға Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтпей ЖОО-ға түсу үшін гранттар беру нормасы заңнамалық түрде енгізілгені жария етілді.
Сала қызметкерлерінің жағдайын жақсарту бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Соңғы екі жылда мамандандырылған мектеп-интернат-колледждердің (республикалық және облыстық), сондай-ақ балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінің жаттықтырушы-оқытушыларының жалақысы 25%-ға өсті.
Заңнамалық негізде жаттықтырушы-оқытушылардың апталық сағат жүктемесін 24-тен 18 сағатқа дейін қысқарту жоспарлануда, — деді ведомство басшысы Ермек Маржықпаев.
Сонымен бірге ол келесі жылдың 19 қаңтары мен 1 ақпаны аралығында Оңтүстік Кореяның Канвондо провинциясындағы Каннын қаласында жалауы желбірейтін IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасына қатысатын спортшылардың дайынлдығына баса мән беріп, Спорт және дене шынықтыру істері комитетіне Ұлттық Олимпиада комитеті, Спортты дамыту дирекциясы және Олимпиадалық дайындық орталығымен тізе қосып жұмыс істеуді тапсырды.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА