• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    Ақорда, Қазақстан футбол федерациясы

    Футзалдан Қазақстан құрамасы әлем чемпионатына жолдама алды (ФОТО, ВИДЕО)

    Бүгін Астана қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында футзалдан Қазақстан құрамасы Нидерланд командасын 2:0 есебімен жеңіп, әлем чемпионатына жолдама алды.

    Матчты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тамашалады. Оның жанында WBO және IBF тұжырымы бойынша кәсіпқой бокстан әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы, туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев, ҚФФ президенті Әділет Бәрменқұлов, футболдан Қазақстан ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушысы Магомед Адиев пен ұлттық құраманың қақпашысы Игорь Шацких болды.

    Ал әлемдік дода келесі жылы Ташкент қаласында 14 қыркүйек пен 6 қазан аралығында болады.

    Матч өте тартысты және қызықты болды. Қазақстан құрамасы ойынның бірінші минутында есеп ашты. Бұл голды Біржан Оразов салды. Одан кейін матчтың 7-минутында Дуглас Жуниор екінші голдың авторы атанды.

    Бірінші таймда еліміздің бас командасында тағы да есепті еселуге мүмкіндік көп болды. Алайда ойыншылардың Нидерландтың қақпасын нысанаға алғанымен, доп түспей қойды.
    Екінші таймда да ұлттық құрама жиі шабуылдап, қауіпті жағдай жасап отырды. Матч осылай Қазақстан командасының үстемдігімен аяқталды.

    Қазақстан құрамасы әлем чемпионатына іріктеу турнирінде Румыния, Әзербайжан және Нидерланд құрамаларымен бірге А тобында ойнап жатыр. Қазір футзалдан еліміздің бас командасы бес ойыннан кейін 15 ұпаймен көш бастап келеді. Ал қоржынында 5 ұпайы бар Нидерланд құрамасы 2-орында тұр.

    Енді екі құрама осы матчты санағанда үш рет кездесті. Үш ойында да Қазақстан құрамасы жеңді. Алғаш рет 2019 жылы Румынияның Пьятра-Нямц қаласында болған матчта еліміздің құрамасы қарсыласын 5:0 есебімен жеңсе, биылғы іріктеу турнирінде сырт алаңда Нидерландтан 2:0 есебімен басым түсті.

    Бүгін ұлттық құрама «Қызғалдақтар елінің» құрамасынан тағы да 2:0 есебімен айласын асырды.

    Екі құраманың да Еуропа және әлемдік рейтингтегі орындарында алшақтық бар. Қазақстан Еуропа рейтингінде 4-орында, әлемдік рейтингте 7-орында болса, «Қызғалдақтар елінің» командасы қарт құрлықтың тізімінде 18-орында, әлемдік рейтингте 34-орында келеді.

    Футзалдан әлем чемпионаты элиталы турнирі 20 желтоқсанда аяқталады. Енді Қазақстанды санамағанда 14 және 20 желтоқсанда әлем чемпионатына  қатысатын 7 команданың төртеуі анықталады.

    Элиталы раундтағы бес топтың жеңімпаздары әлемдік додаға тікелей жолдама алады. Ал 2-орын алған төрт үздік команда плей-офф матчтарында ойнайды. Олардың жеребесі 2024 жылы 25 қаңтарда тартылады. Ал ӘЧ жолдамасы үшін қалған екі матч 2024 жылдың 8-17 сәуіріне жоспарланған.

    2024 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу турнирі. Элиталы кезең. «A» тобы.

    Ойын нәтижелері:

    15 қыркүйек: Нидерланд – Қазақстан 0:2

    15 қыркүйек: Румыния – Әзербайжан 3:1

    20 қыркүйек: Қазақстан – Румыния 4:3

    20 қыркүйек: Әзербайжан – Нидерланд 6:1

    6 қазан: Румыния – Нидерланд 2:1

    6 қазан: Әзербайжан – Қазақстан 2:4

    10 қазан: Нидерланд – Румыния 1:1

    11 қазан: Қазақстан – Әзербайжан 3:2

    14 желтоқсан: Қазақстан – Нидерланд 2:0

    Келесі матчтардың кестесі: 

    15 желтоқсан: Әзербайжан – Румыния

    20 желтоқсан: Румыния –  Қазақстан

    20 желтоқсан: Нидерланд –  Әзербайжан.

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА



    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *