• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    prosports.kz

    Бақтияр Артаевқа Вэл Баркер кубогы қайтарылады

    Жағымды жаңалық жетті. Көптен күткен жаңалық. Бақтияр Артаевқа алдағы айда Вел Баркер кубогы табыс етіледі. Дәл қазір оның дубликаты дайындалып жатыр. Естеріңізде болса, 2021 жылы Сербиядағы әлем чемпионатында Бақтияр Артаев осы жүлдесін ресми түрде Халықаралық бокс федерациясына тапсырған болатын. Сол кезде оған өте сапалы көшірмесі жасалып, өзіне берілетіні айтылды. Міне, сол уәде араға ұзақ уақыт салып, енді орындалайын деп жатыр.

    Осы тұрғыда көкейде біраз сұрақ туындайды. Өйткені, Вел Баркер кубогы 1936 жылдан бері әр Олимпиадада ең үздік боксшыға табыс етіліп жүр. Яғни, 4 жыл сайын қолдан қолға өтіп отырады. Сәйкесінше, оның жиегіне жаңа иесінің есімдері ойылып жазылады. Міне, осы сыйлық қалай Бақтияр Артаевтың қолында қалып қойды? Одан кейінгі де үздік бокшыларға берілді емес пе? Сонымен қатар Халықаралық бокс федерациясы неге Артаевтың жүлдесін музейге алды?

    Сөйтсем, иә, сыйлық, расымен де, 1936 жылдан бері беріліп келеді. Бірақ, 2004 жылы ол қолдан қолға берілмейтін болған.  Яғни, одан кейінгі жазғы Ойындарда жаңа кубок дайындалып, ең үздік боксшыға тапсырылатын болды. Ал, 90 жылға жуық тарихы бар негізгі кубок Бақтияр Артаевтың еншісінде қалды. Міне, осындай қызықты жағдай. Тарих қой. Құнды сыйлық ұзақ келіссөздерден кейін халықаралық бокс федерациясына берілді.

    Біреу білсе, біреу білмес, наурызда Астанада Бақтияр Артаевтың жүлдесіне арналған халықаралық турнир өтеді. Міне, осы бокс бәсекесіне дейін әлгі көшірме дайын болады деген үміттеміз. Халықаралық бокс федерациясының да мақсаты осы. Кубок турнирдің ашылу салтанатында ресми түрде табыс етілмек. Ал, енді оны кім әкеліп беретіні әзірге жұмбақ болып отыр.

     

    Аслан ҚАЖЕНОВ,

    Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты,

    АСТАНА

    Біздің анықтама: Бақтияр Артаев — 2004 жылы Грекияның астанасы – Афина қаласында өткен жазғы Олимпиялық ойындарды 69 келіге дейінгі салмақта жеңіп алған қазақтың атақты боксшысы, халықаралық спорт шебері, 1-дәрежелі Барыс орденінің иегері.

    Оған дейін Вел Баркер кубогын 1996 жылы АҚТ-тың Атланта қаласында жалауы желбіреген Олимпиадада 81 келіде, яғни жартылай орта салмақта Василий Жиров иеленген болатын. Ал Бақтияр Артаевтан кейін 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиадада 69 келіге дейінгі салмақта Серік Сәпиев кубоктың иегері атағына лайық деп танылды.

    Вел Баркер кубогы — 1936 жылдан бастап Олимпиялық ойындардың ең техникалы боксшысына берілетін жүлде. Кубок 1920 жылы ағылшын боксшысы, Халықаралық әуесқой бокс федерациясының алғашқы құрметті хатшысы Вел Баркердің құрметіне тағайындалған.

    Кубок — АИБА -ның жекеменшігі. Ол Олимпиялық ойындарда алған орынына қарамастан ең мықты техника көрсеткен боксшыға табыс етіледі. Жеңімпазға кубоктың көшірмесі мен АИБА-ның дипломы беріледі. Кубок жарыстар біткеннен соң, бір күннен кейін, арнайы церемония кезінде АИБА мүшелері мен шақырылған қонақтардың көзінше табыс етіледі.

    Салтанатты іс-шараға кубокқа үміткер болған барлық спортшылар шақырылады. Кубокқа жеңімпаздың есімі, салмағы, елі және Олимпиада өткен қаланың атауы қашалып жазылады. Кубок иегері кубокты өз елінің Ұлттық бокс федерациясына келесі Олимпиялық ойындарға дейін сақтауға өткізеді.

    Ұлттық бокс федерациясы АИБА-ға кубокты қауіпсіздікті сақтау жөнінде кепілдеме беріп, АИБА-ның есепшотына кепілдік ретінде ақша аударады. Келесі Олимпиялық ойындардың басталуына кем дегенде жеті күн қалға дейін кубок Олимпиада болатын қалаға, АИБА-ның Атқарушы комитетінің мүшелеріне жеткізілуі керек. Кубок иегері АИБА тарапынан келесі Олимпиадағ құрметті қонақ ретінде шақырылып, кубокты келесі боксшыға тапсыру рәсіміне қатысады. Егер кубокты қатарынан үш рет бір елдің бокшылары алса, онда кубок сол елдің Ұлттық бокс федерациясының меншігіне өтеді.

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *