Филиппиннің Нью-Кларк-Сити қаласында су спортынан өтіп жатқан Азия чемпионатында көркем жүзу жарысының 13-15 жас және 15-19 жас аралығындағы еркін бағдарлама сайысында Даяна Жаманшалова мен Карина Магрупова үздік нәтиже көрсетіп, алтын медаль жеңіп алды.
Даяна Жаманшалова 233.5386 ұпай жинаса, Карина Магрупова 404.0525 ұпай иеленді.
Су добынан Қазақстан жастар құрамасы топтық кезеңнің екінші ойынында Сингапур командасымен кездесіп, 16:9 есебімен жеңіске жетті.
Қазақстан құрамасында Пантелеев бес гол салса, Нұртаза мен Грибов үш рет доптың авторы атанды. Ал Белоусов екі рет қақпаны дәл көздесе, Құбайдолла, Сатберген мен Балтабекұлы бір-бірден допты торға тоғытты.
Қазақстан командасымен бірге В тобында Сингапур, Шри-Ланка, Иран және Малайзия құрамалары ойнап жатыр.
А тобында Қытай, Жапония, Өзбекстан, Сауд Арабиясы, Таиланд командалары күш сынасып жатыр.
Су добынан қыздар құрамасы екінші кездесуде Жапонияға 16:26 есебімен есе жіберді.
Қазақстан құрамасында голдарының авторлары Дарина Сембек үш рет қарсыластар қақпашысынан айласын асырса , Яна Смолина, Анфиса Журавлева, Алина Озкая, Яна Мартынова, Ангелина Лемачко мен Юлия Дружинина екі рет гол салып, көзге түсті. Ариадна Затыльникова бір голдың авторы болды.
Чемпионатқа қатысып жатқан Қазақстан, Жапония, Таиланд, Өзбекстан, Сингапур, Шри-Ланка, Қытай командалары чемпион мен жүлдегерлерді айналмалы жүйе бойынша анықтайды.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА