Астанада Қазақстан дипломаттары бірлестігі Наурыз мейрамының онкүндігі аясында «Ана үйінде» тұратын аналар мен балаларға арналған қайырымдылық акция өткізді.
«Ана үйі» укіметтік емес ұйымы осыдан 11 жыл бұрын еліміздің түкпір-түкпірінде қиын өмірлік жағдайға тап болған жас аналарға қолдау көрсету мақсатында ашылған. Ол ашылған кезден бері әлеуметтік жетімдіктің алдын алу және жыл сайын балалар үйіне түсетін балалардың санын азайту мақсатында жұмыс істеп келеді. Қазірде қоғамдық ұйым аналарға психологиялық жәрдем беріп, жетімдер үйіне түсетін бала санын азайтумен айналысады.
Бүгінгі таңда қоғамдық қордың көмегімен әйелдер кәсіптік курстарда оқып, жеке кәсібін ашып жатыр. Мұнда оларды тігуге, үй шаруашылығын жүргізуге, құжаттарды, жәрдемақыларды, алименттерді рәсімдеуге үйретеді.
Қазақ — ешқашан жетімін жылатпаған халық. Жалғызбасты аналарды қолдап, елімізде әлеуметтік жетімдіктің алдын алу мақсатында ашылған «Ана үйінде» ана мен балаға тиісті көмек көрсетіліп келеді. Аналар мен балалардың алаңсыз өмір сүруіне жағдай жасап қолдау көрсетіп келе жатқан азаматтарға алғыс білдіреміз, — деді аналар.
Акцияда дипломаттардың атынан азык-түлік, балаларға кажетті заттар, ойыншықтар табыс етілді. Осындай акциялар алдағы уақытта да жалғасатын болады.
Ілияс ОМАРОВ,
АСТАНА