22-25 наурыз аралығында Астанадағы Qazaqstan жеңіл атлетика спорт кешенінде көркем гимнастикадан ALEM CUP халықаралық турнирі болады, деп хабарлады Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы.
Оған 2008-2010 жылдары дүниеге келген және одан кіші санаттағы спортшылар қатысады. Сондай-ақ жарысқа қатысушылар топтық жаттығуларда да бақ сынайтын болады.
Турнир Халықаралық гимнастика федерациясының (FIG) көркем гимнастика бойынша 2022-2024 жылдары қолданыстағы ережелеріне сәйкес өткізіледі.
Астана төрінде өтетін көркем гимнастика әлемінде көптен күткен іс-шара. Турнирге Египет, Корея, Қырғызстан, Қазақстан, Беларусь елдерінің ұлттық құрамалардан гимнасттар келіп, өнер көрсетеді. Негізі әуелгі мақсат – елдер арасындағы ең үздік гимнасттарды анықтау. Оған қоса елордада өтетін ALEM CUP халықаралық турнирі әлемдік күнтізбелік жоспарға енгізілді. Біздің Қазақстан соның ішінде астаналық аруларымыз өздерін лайықты көрсетеді деген сенімдемін, — деді әлем халықаралық көркем гимнастика академиясының басшысы Асем Бақытжанқызы.
Турнир Астана қаласы әкімдігінің, Туризм және спорт министрлігі мен Қазақстан гимнастика федерациясының қолдауымен өтеді.