Бүгін Олимпиада және Паралимпиадаға дайындық штабы Дене мүмкіндіктері шектеулі адамдарға арналған спорттық даярлау орталығы мен Ұлттық Паралимпиада комитетінің өкілдерімен жиын өткізді, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігі.
Кездесуде ұлттық құрама спортшыларының қазіргі жағдайы, қаржыландыру мен басқа ақпараттық ұйымдастырушылық дайындық мәселелері талқыланды.
Қазір Паралимпиада ойындарына дейін пысықтайтын мәселе көп. Дегенмен атқарылып жатқан дайындық жұмыстары да аз емес. Пара спортшыларымызға лайықты көңіл бөлініп, жан-жақты жағдайлар жасалып жатыр. Штаб пара спортшыларға барынша қолдау көрсетіп, ұйымдастырушылық жұмыстарын жалғастырады, — деді штаб басшысы Елсияр Қанағатов.
XVII жазғы Паралимпиада ойындары биыл 28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында Франция астанасы Парижде болады. Оған әлемнің 184 елінен 4 000 мыңнан астам спортшы қатысып, 22 спорт түрінен 549 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Қазақстан ұлттық құрамасы спорттың 9 түрінен (пара жеңіл атлетика, пара пауэрлифтинг, пара таеквондо, пара үстел теннисі, пара жүзу, пара дзюдо, пара каноэ, отырып ойнайтын волейбол, пара нысана көздеу) өнер көрсетуді жоспарлап отыр.
Осы уақытқа дейін паралимпиадашылар отырып ойнайтын волейболдан ерлер құрамасы, пара жеңіл атлетика бойынша ядро лақтыру, пара каноэ, пара пауэрлифтинг, пара нысана көздеуден бір-бір жолдаманы, пара жүзу мен пара таеквондодан үш-үштен лицензияны, барлығы 11 жолдаманы жеңіп алды.