• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    kazsports.kz

    Қазақстан ауыр атлетикадан Олимпиадаға жолдама ала алмады

    Таиландтың Пхукет қаласында өтіп жатқан ауыр атлетикадан Әлем кубогында Қазақстан құрамасы жарыс жолын аяқтады, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясы.

    Ұлттық құраманың спортшылары бірде бір жүлде ала алмады. Еліміздің атынан соңғы болып 87 келіден аса салмақ дәрежесінде Айсамал Сансызбаева мен Сұлтан Мейрам (109 кг) шықты. Қоссайыс қорытындысында Айсамал Сансызбаева 235 келіні (жұлқа көтеруде 105 кг мен серпе көтеруде 130 кг) көтеріп, В тобында төртінші орын алды. Осы топта Тайбэйдің өкілі Чен Ванг 266 келі нәтижемен (118+148) үздік атанды. Осы салмақта барлық қарсыластарын артта қалдырып, жеңімпаз атанған қытайлық Венвень Ли қоссайыста 325 келіні (145+180) бағындырды.

    Екінші және үшінші орынды Оңтүстік Корея спортшылары Хеджонг Парк (130+166) пен Юнги Сон (122+161) бөлісті.

    Айсамал осыған дейін жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатын жеңіп алған еді.  Енді ол қазір ересектер арасында бақ сынады. Жарыста аздап қателіктер жібергенімен, жалпы нәтижесі қанағаттандырады. Турнирден соң қорытындысын шығарып, қателіктермен нақты жұмыс істейміз, себептерін анықтаймыз. Алдағы уақытта құрама командаға бірқатар өзгерістер енгіземіз. Жаңа жұмыс басталып, болашақта жақсы нәтиже көрсетеміз деп ойлаймын, — деді ауыр атлетикадан әйелдер құрамасының бас жаттықтырушысы Иван Снегуров.

    Сұлтан Мейрам қоссайыста 340 келімен (150+190) А тобында алтыншы орын алды. Алтын жүлдені Олимпиялық ойындардың чемпионы, өзбекстандық ауыр атлет Акбар Джураев (189+227) иеленді. Күміс медальді Әзербайжанның өкілі Дадашу Дадашбайлыға (177+211) бұйырса, қола медальді грузиялық Зазе Ломтадзе (170+209) алды.

    Жыл басында алған жарақаттың салдарынан болса керек, нәтиже онша көңілімнен шықпады. Бірақ, алдағы уақытта жақсы нәтиже көрсетемін деп сеніммен айта аламын, — деді өз сөзінде Сұлтан Мейрам.

    Еске сала кетсек, бұған дейін Әлем кубогында Айнұр Әбдіқалықова (49 кг), Ерназ Алпысов (55 кг), Дарья Балабюк (59 кг) пен Сергей Петрович (89 кг) өнер көрсеткен болатын.  Осылайша, қазақстандық ауыр атлеттер Олимпиялық ойындарға жолдаманы ала алмады.

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *