Түркістан қаласында сурдо дзюдодан әлем чемпионаты аяқталды. Жарыстың соңғы күнінде спортшылар ката және командалық бәсеке бойынша өзара мықтыны анықтады, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігі.
Сурдо дзюдодан Қазақстан ерлер құрамасы командалық жарыста әлем чемпионы атанды. Ұлттық құрама спортшылары финалда Украина спортшыларын 2:1 есебімен жеңді. Ал жарыстың қола жүлдесіне Оңтүстік Корея құрамасы ие болды.
Әйелдер арасындағы командалық жарыста Украина дзюдошылары қарсылас шақ келтірмеді. Оңтүстік Корея әйелдер құрамасы екінші орынға, Қазақстан әйелдер құрамасы үшінші орынға жайғасты.
Әлем чемпионатында сурдо ката санаты бойынша ел намысын қорғаған Еркін Сұлтанбаев пен Игорь Корман әлем чемпионы атанды. Оңтүстік Корея құрамасының спортшылары – күміс, ал Украина құрамасы қола жүлде жеңіп алды, — деп хабарлады министрлік.
Сурдо спорт бойынша Қазақстан алғаш рет әлем чемпионатын өткізді. Есту қабілеті төмен спортшылар арасында өткен әлем чемпионатының жекелей сайысында Қазақстан құрамасы 3 алтын, 6 күміс және 4 қола жүлдені жеңіп алды.
Алтын жүлдені Алтынбек Какитаев (66 кг), Шадияр Қуандық (73 кг), Тоқтарбек Айдарбек (-100 кг) алса, күміс медальді Дина Иржанова (57 кг), Ерсін Болатов (60кг), Нұрмұхаммед Әлдібек (66 кг), Айдос Түгелбаев (90 кг), Анна Краморова (-78 кг) мен Екатерина Чебышева (+78 кг) иеленді. Ал қола жүлдеге Фериде Қараоғлы (52 кг), Анастасия Тимошенко (-70 кг), Еркебұлан Қанафин (-81 кг) мен Сабыржан Хапизов (+100 кг) ие болды.