Бүгін Астанада Туризм және спорт министрлігі, қалалық спорт басқармасы мен Қазақстан бокс федерациясының ұйымдастыруымен бокстан ересектер арасында «Елорда кубогы» ІІІ халықаралық турнирі басталады, деп хабарлады Бокс фежерациясы.
Турнир 18 мамырға дейін болады. Оған Өзбекстан, Моңғолия, Иран, Үндістан, Жапония, Марокко, Әзербайжан, Тәжікстан, Корея, Қырғызстан, Қытай мен Қазақстанның бірінші, екінші және үшінші нөмірлі командалары қатысып, күш сынасады.
Бүгінгі күні Астанада оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан Қазақстан ерлер командасы бұл жарысқа олимпиадалық құраммен қатысады.
Турнирде ерлер 46-48, -51, -54, -57, -60, -63,5, -67, -71, -75, -80, -86, -92 және 92 келіден аса салмақта қолғап түйістіреді.
Әйелдер 45-48, -50, -52, -54, -57, -60, -63, -66, -70, -75, -81 және 81 келіден аса салмақта шаршы алаңға шығады.
Турнирде ақшалай сыйақы қарастырылған. Әр салмақ дәрежесінде жеңімпазға 700 АҚШ доллары, екінші орынға 400 АҚШ доллары, үшінші орынға 200 АҚШ доллары беріледі.
Турнирдің ашылу салтанаты сағат 12:00-де Тұран даңғылы 4/2 мекенжайында орналасқан Beeline Arena Ұлттық теннис орталығында басталады.