Бүгін қазақ халқының дара тұлғасы, елдегі таеквондо спортының негізін қалаған, халықаралық деңгейдегі таеквондо шебері, спорттың осы түрінен 7-дан қара белбеу иегері Мұстафа Өзтүрік көзі тірі болғанда 70 жасқа толар еді. Әйгілі әлем таныған таеквондо шебері елім деп сонау 1992 жылы туған жеріне табаны тиіп, сағынышын баса алмай келгені әлі есімізде.
Анадан артық туған қазақтың Мұстафасы бұған дейін әлем ареналарында өнер көрсетіп, тіпті аты әйгілі Брюс Лимен киноға түсіп, жақын достық қатынаста болған. Иә, Алланың ісіне еш шара жоқ, сол жылдары Мұстафа Өзтүрік бақилық сапарға аттанып кете барды. Атақты оғланымыз елге келгенде «қазағым, елім, жерім» деп келіп тебірене сұхбат бергенін мұрағаттарда сақталған фильмдерден көріп сағына еске аламыз.
Жарықтық елге келгенде қаншама шәкірттерді осы таеквондо спортына үйретіп, тәлім-тәрбие беріп кетті десеңізші. Қаншама қазақ жастары Мұстафа секілді шығыс жекпе-жегінің шебері болуды армандап айтулы спорт түріне келгенін айтпасқа болмас. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында Мұстафа Өзтүрік қазақ жерінде көптеген дарында жастарға білгенін үйретіп, арман мақсаттарының орындалуына себепші болды. Сондай бір Мұстафаның талантты төл шәкірттерінің бірі, бұл күнде ұлы ұстазының атында республикалық жарыс ұйымдастырып, 200 тарта жасөспірмді тегін жаттықтырып жүрген таеквондо шебері, Халықаралық таеквондо одағының төрағасы, Байділдақажы таеквондо спорт мектебінің директоры, қара белбеу 5-дан иегері, Желтоқсан қанды көтерілісінің ақталған ардагері Байділдә Бақбергенұлы Жұмабек айырықша айтамыз.
Байділда қажы бүгін өзінің ұлы ұстазы Мұстафа Өзтүріктің 70 жасқа толуына орай, дүбірлі жарысты ұйымдастырған екен. Жарыс өтіп жатқан сәтте Мұстафа Өзтүріктің төл шәкірті Байділда Жұмабекті сөзге тартып, ұстазы туралы ой-пікірін сұраған едім. Ендеше, шәкіртінің сұрағыма берген жауабына құлақ түрсек:
-Мұстафа Өзтүрік сіздің өміріңізден ерекше орын алған жан екен. Сіз үшін Мұстафаның спорттағы жолыңызға тигізген әсері болды ма?
— Әрине, ол кісінің арқасында мен осы бір шығыс жеке-жегенің жанымдай жақсы көріп, бар ғұмырымды арнfп келемін. Үш нәрсенің разылығы Алла(Т) разылығы деген. Бірінші, ата‐анасының, екінші ұстазының, үшінші әйел күйеуінің разылығы алған деген. Әр шәкірт ұстазын дәріптеу, «Ұстазы жақсының ұстанымы» жақсы деген. Бірінші, Алла, екінші, Мұстафа Өзтүрік ұстаз Қазақ еліне таеквондо спортын алып келген тұлға болып қала бермек. Сонымен қатар Мұстафа Өзтүрік Қазақстанда барлық таеквондо спортының бапкерлеріне жұмыс тауып берген бірден бір бірегей адам. Иә, қазақтың маңдайына сыймай кетті ғой. Ондай дара туған тұлғаны ұмыту мүмкін емес. Қайтқан адамдар құранға мұқтаж. Еске алу болашақ жастарға айтып отыруымыз парыз деп ойлаймын.
-Баке, құйрықты жұлдыздай ағып өткен өмірінде артына өшпес із қалдырған спорт жұлдыздары қазақ даласында жетіп артылады.Соның ірісі де бірісі де Мұстафа Өзтүрік еді. Әйгілі спортшы қаза тапқанда көптеген сыбыс әңгімелер ел ішінде желдей гулеп жүрді.Сіздің ойыңызша жұмбақ өлімінің себебі неде болды?
-Ол кісі қайтыс болғанда уланған деген шешім шығар деген сөз бар. Медициналық сараптамада солай айтылған. Ал, адам емес тіпті, қыбырлаған жәндікке дейін қастық жасамайтын ұстазымыздың кімге кесірі тигенін түсінсек бұйырмасын. Ол кісінің жүрегі тек қазағым деп қана соғатын-ды. Сол жұмбақ өлім жұмбақ күйінде қала берді ғой. Алланың ісіне біздің де шарамыз жоқ. Амал нешік. Тек міне, осындай ізгілікті спорттық шаралармен есімін еске алып ұмытпай, жасұрпаққа түсіндіріп жеткізу біздің міндетіміз деп ойлаймын.
— Қысқа да нұсқа жауабыңызға рахмет! Артынан сіздей іздеушісі бар да батыр бауырымыз ешқашан өлмейді.
Хош, сонымен жарысқа оралсақ. Еліміздің әр аймағынан келген жасөспірімдер татами төрінде жеңіс үшін жан аямай өнер көрсетті.
Турнирдің салтанатты ашылуында Республикалық «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Болат Тоқтабайұлы Құрымбаев, Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев атындағы Халықаралық қордың қамқоршылық кеңесінің төрағасы Бек Смаилұлы Сраилов пен көптеген құрметті қонақтар келіп қатысып, жасөспірімдерге ақ баталарын беріп, жеңіс тіледі.
Сонымен бірге Орталық мешіттен арнайы ат терлетіп келген наиб имам Ерсін Сұлтаншарипұлы Жадыраев ортаға шығып, Мұстафа Өзтүріктің рухына құран бағыштады. Негізі жас ұрпаққа Мұстафа Өзтүріктің кім болғаны туралы толық ақпараттарды кеңінен насихаттаудың маңызы зор деп білеміз. Өйткені, өскелең ұрпақ аймүйізді ардақты ел ағаларының өміртарихын терең біліп өсуге міндетті.
Жас буынды тұлғалар арқылы тәрбиелей білсек болашағымыз жарқын болары сөзсіз. Осы орайда бүгінгі өткен тартысы турнирден қатысушы жасөспірм таеквондо шеберлері үлкен мағлұмат алып, ерекше әсерде болды.
Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,
АЛМАТЫ