Астанада бокстан ересектер арасында басталған «Елорда кубогы» халықаралық турнирінің үшінші күні ерлер бәсекесінде жартылай финалға Қазақстанның 31 боксшысы шықты.
Олардың арасында бірінші, екінші және үшінші нөмірлі болып өзара қолғап түйістірген отандастарымыз да бар.
57 келі салмақта Махмұд Сабырхан Өзбекстанның былтырғы ел чемпионатының күміс жүлдегері Худойназар Фаизовты 4:1 есебімен, 51 келіде Сәкен Бибосынов 2022 жылғы 22 жасқа дейінгі Азия чемпионы Мухаммадкодир Мамиржонов (Өзбекстан) 5:0 есебімен айқын басымдықпен жеңді. Осы салмақта Асылжан Серікбай да Жапонияның чемпионы Кейта Накаямадан 5:0 есебімен айласын асырды. Сол секілді Оразбек Асылқұлов әзербайжанлық Камил Мамаевты тізе бүктірді.
Серік Теміржанов (60 кг) пен Асланбек Шымбергенов (71 кг) те Үндістанның боксшыларын «бесінші» бұрышты іздеуге мәжбүрледі. Теміржанов Азия чемпионатының қола жүлдегері Вариндер Синхты, Шымбергенов Хитеш Хитешті жеңді. Екі жекпе-жекте те есеп 5:0 болып аяқталды.
71 келі салмақтағы Аман Қонысбеков Жапония чемпионы Нобухоро Хиранаканы тізе бүктірді. Бұл айқастағы есеп те 5:0 болды.
Өкінішке қарай, 75 келідегі Нұрқанат Райыс Өзбекстанның 2023 жылғы әлем чемпионатының кұміс медалисі Алохон Абдуллаевтан 1:4 есебімен жеңіліп қалды.
Еліміздің екінші және үшінші нөмірлі боксшыларының жекпе-жектерінде 60 келіде Әділет Құрметов Оралбек Әбдіқадыровты, Талғат Сырымбетов Мадияр Данияровты (Өзбекстан), 63,5 келіде Жандос Қыдырәлиев Әзербайжан боксшы Рамазан Абдуллаевты, 67 келіде Нұрбек Мұрсал өзбекстандық Шахбоз Унисалиевті жеңді. Бұл жекпе-жектердегі есептердің бәрі де 5:0 болып аяқталды.
71 кг салмақта Тезек Темірхан Тәжікстанның боксшысы Файзали Гуломовты, 75 келіде Азамат Бектас жапониялық Дайко Сунагадан, Тимур Нұрсейітов өзбекстандық Сардор Шомуродовтан, Армат Арманұлы әзербайжандық Расим Шобанлидан басым түсті.
48 келіде Асхат Жүсіпов пен Рысхан Тәліп, Бекзат Алдамжаров (51 кг), Кәрім Серкебаев, Дәулет Молдашев, Тимур Қабдешев, Жандәулет Сәрсенбаев (54 кг), Әділет Құрметов, Алмат Әбдуәли (63,5 кг), Бақтияр Смағұлов (67 кг),
Сөйтіп, Қазақстаннан ½ финалға 31 боксшы, Өзбекстаннан- 5, Үндістаннан – 4, Жапония мен Ираннан үш-үштен, Қытай, Әзербайжан мен Қырғыз Республикасынан екі-екі адамнан шықты.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА
View this post on Instagram