Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев 2026 жылы Қазақстанда өтетін «Болашақтың ойындарын» алдын ала бағалау үшін арнайы келген Phygital International халықаралық компаниясының өкілдерімен кездесті, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігі.
Phygital International халықаралық компаниясы «Болашақтың ойындары» турнирінің құқығын иеленген. Phygital International бағалаушылары Астана қаласында 15-18 мамыр аралығында тексеріс жүргізеді.
Қазір киберспорт федерациясымен бірігіп, 2026 жылы Астана қаласында өткізуді жоспарлап отырған «Болашақтың ойындарына» дайындық жұмыстарын бастадық. Министрлік тарапынан Қазақстанда осы сайысты лайықты деңгейде өткізу үшін барлық қажетті шаралар қабылданады, — деді Ермек Маржықпаев.
Phygital International өкілдері EXPO халықаралық көрме орталығы, Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы, «Барыс Арена» спорт кешені, Qazaqstan жеңіл атлетика спорт кешені, «Алау» мұз айдыны сарайы, «Сарыарқа» велотрегі, «Астана Арена» стадионы және басқа да қаланың спорт нысандарын аралап, бағалайды.
Биылғы жылдың 1 қазанында 2026 жылғы ойындарды өткізу мүмкіндігін жеңіп алған қала анықталады.
Еске сала кетсек, 21 ақпанында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Татарстанның Қазан қаласында «Болашақтың ойындарының» ашылу салтанатына қатысып, Қазақстанда өткізу туралы ойын білдірген еді. Қазақстан президентінің тапсырмасына сәйкес, жарыс 2026 жылы елімізде ұйымдастыру жоспарланған.