• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    olympic.kz

    Бокстан Қазақстан құрамасының қарсыластары анықталды

    Бүгін Таиландтың Бангкок қаласында бокстан Олимпиадаға іріктеу турнирі басталады.

    Іріктеу жарысы 5 маусымда аяқталады. Бұл – Олимпиада алдындағы ең соңғы електік бәсеке.

    Турнирде Қазақстанның ерлер құрамасынан – 1, әйелдер командасынан 5 боксшы күш сынасады. Егер олар осы турнирде жеңімпаз атанып, Олимпиадаға жолдаманы алса,  Париждегі Ойындарға ерлер мен әйелдер құрамасы толық құрамда қатыса алады. Ал әзірше ерлерден Олимпиадаға лицензияны Сәкен Бибосынов (51 кг), Махмұд Сабырхан (57 кг), Асланбек Шымбергенов (71 кг), Нұрбек Оралбай (80 кг), Айбек Оралбай (92 кг) пен Қамшыбек Қоңқабаев (+92 кг) иеленіп отыр. Әйелдерден жалғыз Карина Ибрагимовада (57 кг) ғана жолдама бар.

    Олар былтыр Қытайдың Ханчжоу қалсында жалауы желбіреген Азия ойындары мен Италияның Бусто-Арсицио қаласында өткен іріктеу турнирінде Олимпиаданың квотасын шешіп алған болатын. Енді бүгін Банкоктың төрінде керілетін шаршы алаңға жолдама ала алмаған боксшыларымыз шығады.

    Ерлерден 26 мамырда 63,5 келі салмақтағы Мұхаммедсабыр Базарбайұлы филиппиндік Кристиан Питт Лаурентемен қолғап түйістіреді.

    Әйелдерден 25 мамырда Назым Қызайбай (50 кг) Николь Дуриковамен (Словакия), 28 мамырда Ұлжан Сәрсенбек (54 кг) Шера Мэй Патрисиомен (АҚШ) жұдырықтасады.

    Сонымен бірге 27 мамырда 60 келі салмақта Римма Волосенко мен Мария Фелиситас Гангльбауэр (Германия) күш сынасса, 29 мамырда Наталья Богданова (66 кг) Кристина Кулуховамен (Сербия), 27 мамырда Валентина Хальзова (75 кг) украиналық Каролина Махномен жекпе-жекке шығады.

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *