Дзюдодан ұлттық құраманың спортшысы Ерасыл Қажыбаев Әзербайжанның астанасы — Бакуде өтіп жатқан Үлкен дулыға санатындағы жарыста үздік үштікке кірді, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Аса ауыр салмақтағы (+100 кг) отандасымыз жүлде жолында грузиялық Саба Инаниешвилиді қосымша уақытта (golden score) жеңді.
Айта кетейік, Ерасыл Қажыбаев үшін Баку олжалы қаланың бірі. Ол осыдан 2 жыл бұрын Үлкен дулыға турнирінде де қола жүлдегер атанған еді.
Бүгін мәресіне жеткен жарыста 36 елдің 258 татами шебері сынға түсті.