Футболдан Қазақстан ұлттық құрама командасының ойыншысы, жас талант Дастан Сәтпаев 21 жасқа дейінгі жастар құрамасына да шақырту алды. Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясы президентінің кеңесшісі Нұрсұлтан Құрман айтты.
Оның айтуынша, футболшы әуелі ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиынына қатысып, одан кейін Қазақстан U-21 құрамасына қосылады.
2027 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі аясында Андорраға қарсы матчқа дайындалады. Бұл ойын 5 маусымда сағат 19:30-да «Астана Арена» стадионында болады.
Содан кейін Дастан Сәтпаев қайтадан ұлттық құраманың сапына оралып, Солтүстік Македонияға қарсы кездесуге дайындықты жалғастырады, — деді ол.
Жаттықтырушылар штабының шешімі бойынша Дастан Сәтпаев Беларусьпен өтетін жолдастық матчқа қатыспайды.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА