Бүгін Алматы қаласында Германиядағы Кеңес әскері тобының (ГКӘТ — ВКШӘТ) құрылғанына 80 жыл толуына арналған салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлады adyrna.kz.
Мерейтойлық іс-шараны ГКӘТ-ВКШӘТ ардагерлері республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы қалалық филиалы ұйымдастырды. Ол таңғы сағат 9:00-де 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақтағы Даңқ мемориалы жанында басталды.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Бас штабының Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің аға офицері, полковник Дәуренбек Шегебаев, Алматы қаласы ГСВГ-ГВВД ардагерлері қоғамының филиал басшысы Құрманғазы Тастанбек, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекет және әскери қайраткері Махмұт Өтегенұлы қатысты.
Салтанатты жиында ардагерлер мен қонақтар Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып, құрмет көрсетті. Іс-шарада сарбаздардың саптық шеруі мен әскери дәстүрлерге сай рәсімдер болды. Сонымен қатар, қатысушылар Армия үйіндегі Әскери музейді және ашық аспан астындағы әскери техника көрмесін тамашалады, — делінген хабарламада.
Мерейтой құрметіне арнайы қонақтар мен ардагерлерге Германиядағы Кеңес әскері тобының құрылғанына 80 жыл толуына арналған мерекелік төсбелгілер мен Алғыс хаттар табыс етілді.
Бұл маңызды іс-шара – әскери тарихқа, ардагерлердің ерен еңбегіне құрмет көрсетіп, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің жарқын үлгісі болды.