27 жастағы параспортшы Ақназар Мүтәліпов 8 шілдеде Балқаш көлін бір жағалауынан екінші жағалауына дейін 13 сағатта 20 шақырымды жүзіп өтті. Бұл хабарды ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
Ол бір қолы мен бір аяғы болмаса да адамның намысқа тырысса қиын жағдайдың бәрін жеңе алатынын дәлелдегесі келген.
Мен жүзу арқылы ең алдымен өзіме, одан кейін бүкіл жер-жүзіне адамның бір қол, бір аяқсыз да кез келген кедергіні еңсере алатынын дәлелдегім келді. Әрине, мен әлемдік рекорд жасағым келеді, – деді спортшы.
Қазір спортшы бұл жетістігін Гиннестің рекордтар кітабына ресми тіркеу үшін демеушілер мен қолдаушылар іздеп жатыр.
Ақназар Мүтәліпов мектеп бітірген соң теміржол саласында жұмыс істей бастайды.
2018 жылы өндірістік жарақат алып, өмірі күрт өзгереді. Жарақаттан кейін Ақназар Мүтәліпов Балқаштың жағасына жиі барып, суда жүзіп көреді. Осыдан кейін ол саналы түрде параспортты таңдап, бассейнге жазылып, кәсіби жаттықтырушының қол астында жүйелі дайындыққа кіріседі.
Ол 2024 жылы Таразда өткен жарыста 400 метрге жүзуден бірінші орынды жеңіп алды. Содан кейін ол Бурабай көлін жүзіп өтуді алдына мақсат етіп қояды.
Осы мақсатына ол 2,5 шақырымды 1 сағатта жүзіп жетті.
Сол жылы Ақназар Мүтәліпов Қазақстан чемпионы атанып, 2025 жылы спорт шеберлігіне кандидат атағын алды.