«Қайрат» клубы UEFA Чемпиондар лигасы екінші іріктеу кезеңінде камбэк жасады.
Алматының футбол командасы Финляндияның КуПС жасағынан сырт алаңда 2:0 есебімен жеңілгеніне қарамастан, Орталық стадионда мыңдаған жанкүйердің алдында 3:0 есебімен жеңіп, жарыстың үшінші кезеңіне шықты.
Мачта «Қайрат» қарсыластарынан алаңның барлық жерінде үстемдік танытты. Олар ойын басталысымен қонақтардың қақпасына жиі-жиі шабуыл жасап, сырт алаңда кеткен есені қайтаруға тырысты.
9-минутта Дастан Сәтпаев алғашқы голдың авторы атанды. Оның алыстан шірене тепкен добы «КуПС-тың» қақпасынан бір-ақ шықты. Содан кейін Жоржиньо 29-минутта, Валерий Громыко 44-минутта нысананы дәл көздеді. Әсіресе, Громыконың сол қапталдан атып шығып, «тоғыздыққа» тиген добына талай жанкүйер таңдай қақты.
Екінші таймда Суоми елінің командасы таразы басын теңестіруге тырысқанымен, оларынан ештеңе шықпады.Осылайша «Қайрат» аса маңызды ойында 3:0 есебімен жеңіп, турнирдің үшінші іріктеу кезеңіне шықты.
Енді «Қайрат» «Слован» (Словакия) мен «Зриньски» (Босния және Герцоговина) командаларының матчында жеңген клубпен ойнайды.
Бірінші іріктеу кезеңінде Алматының клубы екі ойынның нәтижесімен Словенияның «Олимпиясын» (1:1, 2:0) есебімен жеңді.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА