• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Алматыда амброзия гүлдеді. Маусымдық аллергияның шарықтау кезеңін қалай жеңіл өткізуге болады?

    Алматыда амброзияның гүлдеуіне байланысты маусымдық аллергия өршіп тұр. Әдетте ол шілденің соңы мен қазан айының аралығында байқалады, тамыз-қыркүйекте шарықтау шегіне жетеді. Амброзия ең күшті аллергендердің бірі саналады. Аллергияның белгілері: мұрыннан су ағу, бітелу, түшкіру, көздің қышуы мен қызаруы, тері бөртпелері, сондай-ақ бронх демікпесінің асқынуы мүмкін. Ауруды жеңілдету жолдары туралы «Оқ-Жетпес» «Алматы» емдеу-сауықтыру кешенінің терапевт дәрігері  Жәнібек Зейналғабды айтып берді.

    – Жәнібек Қанышұлы, қандай алдын алу шараларын ұсынасыз?

    – Егер сізде амброзияға аллергия бар деген күдік болса, аллерголог-дәрігерге қаралыңыз. Ол диагнозды нақтылап, қажетті емді тағайындайды. Ең қарапайым жол – аллергенмен байланысуды азайту. Амброзия гүлдеу кезеңінде таңертеңгі уақытта далада көп жүрмеуге тырысыңыз, себебі дәл осы кезде тозаң концентрациясы ең жоғары болады. Сондай-ақ амброзия тозаңымен айқаспалы реакция тудыруы мүмкін өнімдерді (қарбыз, қауын, банан және т.б.) рационнан алып тастаған дұрыс. Өз бетіңізше емделмей, маманға жүгініңіз. Дәрігер белгілеген антигистаминдік препараттар симптомдарды жеңілдетуге көмектеседі.

    – Мұндай жағдайда шипажайдағы ем қалай көмектеседі?

    – Шипажайда біз ағзаның сезімталдығын төмендетіп, иммунитетті нығайтуға бағытталған кешенді ем-шараларды қолданамыз. Мысалы, минералды сумен ингаляция тыныс алуды жеңілдетеді. Физиотерапия (магнитотерапия, лазеротерапия) қабынуды басып, шырышты қабықтың ісінуін азайтады. Оттекті және фитованналар стрессті төмендетіп, тыныс алу жүйесінің жұмысын қалыпқа келтіреді. Тұзды бөлме (галотерапия) тыныс жолдарын тазартып, аллергиялық белгілерді жеңілдетеді.

    – Демек, шипажайдағы демалыс тек жайлы уақыт өткізу ғана емес, маусымдық аллергия кезінде нақты көмек деуге бола ма?

    – Үй жағдайындағы емнен айырмашылығы, мұнда біз әр адамға жеке бейімделген емдік шаралар кешенін ұсынамыз. Ол симптомдарды жеңілдетіп, гүлдену маусымын ауыр асқынусыз өткізуге көмектеседі.

    Әңгімеңізге рахмет!

    Әңгімелескен Нұрлан ҚҰМАР,

    АЛМАТЫ

     

     

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *