Таиландтың астанасы Бангкок қаласында шахматтан XXVII жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты аяқталды, деп хабарлады Қазақстан шахмат федерациясы.
Жасөспірім шахматшылар бағдарламаның үш түрі – классика, рапид және блиц бойынша 11 медаль жеңіп алды. Оның бесеуі – алтын жүлде.
Милана Филиппова (G10) мен Мария Холявко (G14) – классикада, Әміржан Әнетов (O10) – рапидте, Әлішер Әбдісаттар (O14) мен Әсия Асылхан (G16) – блицте Азия чемпионы атанды.
Азия додасы 21–29 қараша аралығында болды. Оған 33 елден және сол төңіректен шамамен 700 адам қатысты (27th Asian Youth Chess Championships 2025).
Алғашқы күні 15+5 уақыт бақылауымен 7 турлық «швейцар» жүйесінде өткен рапидте жүлделер сарапқа салынды (O10 санатында Азия чемпионы Әміржан Әнетов атанды. Қола медаль оның құрдасы Алихан Назарбекке бұйырды). Осыдан кейін жас шахматшылар бағдарламаның екінші бөлігі – 90+30 уақыт бақылауымен өтетін 9 турлық классикаға көшті. Мұнда қазақ жастары 5 медаль жеңіп алды.
Милана Филиппова (G10) мен Мария Холявко (G14) Азия чемпионы атанса, Ризат Ұлан (O10), Әдия Жеңіс (G12) пен Ясмина Алеманова (G16) қола жүлдені қанағат тұтты.
Классиканың соңғы туры аяқтала салысымен, бағдарламаның үшінші түрі – 3+2 уақыт бақылауымен өтетін блицтің 9 туры басталды.
Біреулер үшін бұл жан-жақты ойнай алатынын дәлелдеу мүмкіндігі болса, енді біреулер үшін алдыңғы кезеңдердегі сәтсіздіктерді түзетуге арналған соңғы мүмкіндік болды.
Қазақстан командасы осы мүмкіндікті толық пайдаланды. Астаналық Әлішер Әбдісаттар (O14) пен Түркістан облысынан жарысқа қатысқан Әсия Асылхан (G16) құрмет тұғырының ең биік сатысына көтерілсе, күміс медальды павлодарлық Асман Баянтас (O18) иеленді. Ал қола медаль астаналық Әлімжан Жауынбайға (O12) бұйырды.
Бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлем чемпионаттарында топ жарған бір топ жас шахматшымен кездескен болатын.
Кездесуге 8 жасқа дейінгі санатта әлем чемпиондары атанған Әдинұр Әділбек пен Алиша Бисалиева, 12 жасқа дейінгі санатта әлем чемпионы болған Данис Қуандықұлы, 14 жасқа дейінгі санатта әлем чемпионатында жеңіс тұғырынан көрінген Марк Смирнов, 16 жасқа дейінгі санат бойынша әлем чемпионатында алтыннан алқа таққан Эдгар Мамедов, 16 жасқа дейінгі шахматшылар арасында әлем чемпионатының күміс жүлдесін иеленген Сауат Нұрғалиев қатысты.
Мемлекет басшысының айтуынша, жас спортшылардың жетістіктері халықаралық аренада Қазақстанның мерейін үстем етеді әрі елімізде шахматтың келешегі зор екенін көрсетеді. Президент чемпиондардың биік мақсаттарға ұмтылуы қажеттігін жеткізіп, оларға жарқын жеңістер тіледі.
– Шахмат деген үлкен өнер. Сондықтан шахматпен күнделікті, мұқият, арнайы кітаптарды оқи отырып айналысу қажет. Бүгін Халықаралық шахмат федерациясының президенті Аркадий Дворковичпен кездесіп отырсыздар. Бұл – cіздердің бақытты сәттеріңіздің бірі, – деді мемлекет басшысы.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев шахмат тақтасына естелік жазба қалдырды.
SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары