• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Ізгілікпен өрілген өмір

    Бүгін Алматы қаласындағы К.Ахметов атындағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат колледжінде есімі елге белгілі спорт журналисі, С.Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты және Яхонтев атындағы бүкілодақтық «Сөз өнері» байқауының жүлдегері Ақын Ордабайұлының «Ізгілікпен өрілген өмір» атты кітабының тұсаукесері және шағын футболдан БАҚ өкілдері мен ардагер спортшылар арасында турнир болып өтті.

    Ақын Ордабайұлының кітабында оның 30 жылдан бері спорт журналистикасы саласындағы жұмысы сарапталып, қазақ спортының дамуына өз үлестерін қосқан көптеген спорт саңлақтары туралы қызықты баяндалған екен. Сонымен бірге жинақта тек спорт саласы емес, Ақанның өткір мақала, очерктері, проза және поэзиясына да орын беріліпті.

    Кітаптың тұсаукесерін қазақтың атақты желаяғы, жеңілатлетикадан КСРО-ның 8 дүркін чемпионы, КСРО Қарулы күштерінің 14 дүркін чемпионы, Еуропа кубогының иегері, КСРО халықтары Спартакиадасының жеңімпазы Әмин Тұяқов ағамыз кесіп, өзінің ақ тілегін жеткізді.

    Тұсаукесерге «Өнер» баспасының директоры, жазушы Әшірбек Көпішев, К.Ахметов атындағы мектеп-интернат колледжі директорының орынбасары Данара Байдосова, «Қазақстан қыран» федерациясының президенті Бағдат Мүптекқызы, Ақанның ұстазы, белгілі комментатор Рабат Жәнібеков, «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамының төрағасы Болат Құрымбаев, »ҚазТрансГаз» ЖШС директорының орынбасары Мұқан Садуақасов және Ақанның туған жері Қордай ауданынан келген аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Дидар Молдағалиев пен «Ер намысы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерболат Алиядинұлы мен басқалары қатысып, құттықтауларын жеткізді.

    Ерболат ағамыз Ақана «Ұлы дала батыры» орденін табыс етсе, «Желтоқсан ақиқаты» бірлестігінің төрағасы Болат Құрымбаев Ақанның Желтоқсан көтерілісіне белсене қатысушы екенін ескере отырып «Желтоқсанның 30 жылдығы» естелік медалімен марапаттады. Қордай ауданы әкімшілігі мен Алматы қалалық Құтқару қызметінің атынан Алғыс хат берілді.

    Осы жерде Ақын досымыздың кітабын шығаруға қолдау көрсеткен Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы, грек-рим күресінен Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев, еркін күрестен Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Маулен Мамыров, Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының құрметті президенті Серік Түкиев және «Қазпошта» АҚ Алматы филиалының директоры Сайфутдин Шамсутдинов секілді қазақтың біртуар азаматтарына айтар алғысымыз шексіз.

    Тұсаукесер құрметіне орай өткізілген шағын футбол турнирі де қызықты өтіп, бас жүлдеге Ақын Ордабайұлы бастап шыққан журналистер командасы ие болды. Жеңімпаз және жүлдегер болған командаларды Ақанның ұстазы, профессор Асылхан Әбішев пен Ақын Ордабайұлының туысы, атақты Кенен Әзірбаевтың туған немересі Мұрат Кененовтер бағалы сыйлықтармен марапаттады.

    Осылайша көктемнің алғашқы күндері есте қалатын тамаша бір кеш болып өтті. Жұмыстың көптігі мен жер шалғайлығына байланысты Ақын досымыздың қуанышында бола алмасақ та жүрегімізбен бірге болып, қолдау көрсетіп отырдық. Осы ақпаратты досымның қуанышына қосқан үлесім болсын деп жазып, сіздермен бөлісіп отырмыз ағайын! «Қуаныш бөліссе көбейеді», дегендей осындай қуаныштар көп болсын!

     

    Мұсағали ТАСҚАЛИЕВ,

    «Президент және спорт», «Спорт жұлдыздары» журналдарының бас редакторы, Қазақ Спорт және Туризм академиясының құрметті профессоры

     АҚТӨБЕ

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *