Бүгін Алматы қаласындағы Қазақ Спорт және Туризм академиясында осымен бесінші жыл қатарынан спорт саласы бойынша өткен марапаттау рәсімде қолы ашық, жаны жомарт меценат, кәсіпкер Рүстем Мұқатов «Тәуелсіздікке қосқан үлесі үшін» медалін алып, «Үздік спорт жанашыры» аталымының жеңімпазы атанды.
Атымтай жомарт азамат бірнеше жылдан бері спортшыларға қолдау көрсетіп, олардың жаттығуларына, жарыстарға дайындалуына баса назар аударып келеді. Сонымен бірге ол жаттықтырушылар мен әдіскерлердің адал еңбектерін де бағалап, спорт мамандарына қолда бар мүмкіндіктің бәрін жасап келе жатқан меценат. Оған мысал ретінде жақында Рүстем Әбдікәрімұлының грек-рим күресінен Қазақстанның ересектер арасындағы ұлттық құрама командасының аға жаттықтырушысы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Серік Мұратұлы Жұмашевке қазақ спортының дамуына қосып жүрген елеулі үлесі үшін су жаңа «RANGE ROVER» автокөлігін сыйлағанын айтуға болады. Рүстемнің мұндай азаматтығын, жомарттығын айта берсек, көп.
Марапаттау рәсімінде спорт жанашыры өзін құттықтаған азаматтарға алғыс айтты. Ол мұндай бағалы сыйлық үшін алдымен Алла тағалаға мың да бір шүкіршілік айтатынын, одан соң белгілі журналист, ақын, «Спорт жұлдыздары» республикалық журналының бас редакторы Мұсағали Тасқалиев пен оның ұжымына, комиссияның мүшелеріне жасаған таңдауларына алғысын жеткізді.
-Осындай дәрежеге жеткеніме Алла тағалаға мың да бір шүкір! Барша отандастарымызды еліміздің тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесімен құттықтай отырып, Мұсағали Тасқалиев пен оның ұжымына, комиссия мүшелеріне жүлдемен марапаттағандарыңыз үшін рахмет айтамын.
Жаттықтырушылар мен әдіскерлер жастарды биік шыңдарға шығарып, жетістіктерге жеткізсе, спортшыларымыз Олимпиадаларда құрмет тұғырының ең биік сатысынан көрінсе деп тілеймін! Халықаралық жарыстарда әнұранымыз шырқалып, көк байрағымыз желбіресе, бәріміздің мерейіміз өседі. Бәрі өз қолымызда. Біздің жастар қазақ елінің болашағы!, – деді ол.
Ал біздің Рүстем Әбдікәрімұлына айтарымыз, сенің спортшыларға көмек қолыңды созып жүрген қолдауыңа сан жетпейді. Сендей қолы ашық, атымтай жомарт азаматтар көп болса, қазақ спортының алар асуы одан да биік болар еді.
Осы күні спортқа қолдау көрсетіп, ауылдарда спорт кешендерін салып, жарыстар өткізіп, ауыл спортшыларына қаржылай демеушілік танытып жүрген басқа да бір топ азамат «Үздік спорт жанашыры» номинациясының жеңімпазы атанды. Олар: Айтбай Көшербайұлы (Қызылорда облысы, Қазалы ауданы), Айдос Ақжанов (Маңғыстау облысы), Баймұхамед Қозыбаев, Бауыржан Көпеев, Самат Жұмбеков (Үшеуі де Қызылорда облысы, Шиелі ауданы), Талғат Исқақов, Болатбек Балғабаев, Бақыт Берділлаев, Гүлжайна Рысбаева, Мейірбек Үсенов (Бесеуі де Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы) және Сейлхан Абдықадыров (Маңғыстау облысы).
Марапаттарың құтты болсын, ағайын! Қазақта «Болар елдің баласы бір-бірін батыр» дейді деген сөз бар. Ендеше, осылай бір-бірімізге қолдау көрсетіп жүрсек, қазақ елінің алатын қамалы қалмайды.
Дастан КЕНЖАЛИН,
Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты