Бүгін Иорданияның астанасы Амман қаласында бокстан Азия чемпионатының екінші жарыс күні басталады. Қазақстан құрамасынан шаршы алаңға үш боксшысы шығады.
Алғашқы жарыс күнінде Қазақстан құрамасының былғары қолғап иелері ринге көтерілген жоқ. Бүгін Астана уақытымен сағат 17.00-де 57 кг дейінгі салмақта Серік Теміржанов пен Ихлас Гылычжанов (Түркменістан) қолғап түйістіреді. Жеңгені ширек финалда жұдырықтасады. Одан кейін 63,5 кг салмақта Санатәлі Төлтаев Өзбекстанның боксшысы Руслан Абдуллаевпен кездеседі.
Ал кешкі сессияда сағат 22.00-де 51 кг дейінгі салмақтағы әлем чемпионы Сәкен Бибосынов үнділік Спарш Кумармен кездеседі.
Ерлер құрамасының бас жаттықтырушысы Қайрат Сәтжановтың айтуынша, осы додада боксшылар өз мәнерін жоғалтпай, барлық салмақта жүлдеге соңына дейін таласады.
Біздің жігіттер – әлем боксының көшбасшылары. Алғашқы айналымда-ақ 48 кг дейінгі салмақта ересектер арасына енді қосылған Санжар Ташкенбай дарынды өзбекстандық спортшымен жұдырықтасады. Не болса да, біз өз мәнерімізді жоғалтпай, барлық салмақта соңына дейін таласуымыз керек, — деді ол жеребе қорытындысынан кейін.
Сол секілді әйелдер құрамасының бас жаттықтырушысы Шәміл Сафиуллин де жеребеге көңілі толатынын, қыздардың шаршы алаңда аянбай қалмайтынын айтты.
Жеребеге көңілім толады. Шынымды айтсам, мені Олимпиада бағдарламасына кіретін 66 кг дейінгі салмақта аз спортшы келгені таңғалдырады. Алдағы күндері Үндістан, Жапония, Тайпэй қыздары біз үшін негізгі қарылас болмақ. Сондай-ақ Өзбекстан да кейінгі жылдары қарқынына-қарқын қосып келе жатыр. Қалай болса да біз кез келген қарсыласқа және бәсекеге дайынбыз, — деді ол.
Биылғы бокстан Азия чемпионаты 2022 жылдың ең маңызды әрі соңғы жарыстарының бірі. Сары құрлық додасында ерлер құрамасы 13 салмақ дәрежесінде, әйелдер 12 салмақта жұдырықтасады. Чемпионат 13 қараша күні аяқталады.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА