Әр салада кәсіби маман болу үшін білімді, білгір қамқоршы ұстазың болу керек. «Ұстазсыз шәкірт тұл», демекші ұстазы мықтының ұстамы мықты болады.
Мен мектепте оқып жүргенде бізге сабақты көбінесе соғыс ардегерлері берді. Ұлы Отан үшін от кешкен майдангерлерден алған тәлім-тәрбиеміз өмірімізге үлкен бағдаршам болды. Майдангер ұстаздар бізді отансүйгіштікке, адалдыққа, елжандылыққа үйретуде көп еңбек сіңірді. Ал, сол ардагер ұстаздардың арасында жас та болса жалыны оттай шарпыған, спорт десе ішкен асын жерге қоятын, бәрімізді спортқа тартып баулыған Асылхан Рақымжанұлы Әбішевтің алар орны ерекше еді. Асылхан Рахымжанұлы әсіресе, футбол сабағына зор көңіл бөліп, біздің арамыздан сол кезде КСРО чемпионатында 7-орынға дейін көтерілген «Қайрат» командасында ойнайтын қазақ жастарын тәрбиелеп шығаруды арман ететін. Әрине, біз ондай биікке көтеріліп шыға алмадық. Дегенмен күні бүгінге дейін спортқа деген құмарлығымыздың бастау бұлағын бойымызға сіңірген сол Асылхан ағайымыз деп мақтанышпен айтамыз. Ауылдан ұзап қалаға кеткен соң да біз ұстазымыздан қол үзбей, әлі күнге дейін хабарласып, кездесіп тұрамыз.
Мен үшін ұстазымның орны айырықша. Ал, енді Асылхан ағайымыздың ауылдан Алматыға келіп, спорт білімін шыңдап жеткен жетістіктері туралы сөз етуге тура келіп отыр. Жалпы, өмірі спортпен өрнектелген ардақты ұстазымыздың өмір жолын қалам ұшына түсіріп көрейік.
Асылхан Рақымжанұлы Әбішев 1951 жылы 22 қыркүйекте Жамбыл облысы, Қордай ауданы Киров колхозында (қазіргі Кенен ауылында) дүниеге келген. Аты барша қазаққа әйгілі ақын, композитор Кенен Әзірбаевтың ауылында 1968 жылы 10 жылдық мектепті бітіргеннен кейін бір жыл колхозда жұмыс істеді. Арманы спорт саласында жоғары білім алу болғандықтан 1969 жылы Алматы қаласындағы Қазақтың дене шынықтыру институтындағы педагогика бөлімінің футбол мамандығы бойынша оқуға келіп түседі. Осы оқу орнын 1973 жылы бітіріп, «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша аяқтап, еңбек жолына қадам жасайды. Алғашқы еңбек жолын алған мамандығы бойынша Қордай ауданындағы Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде футболдан жаттықтырушы қызметін атқарады.
1974 жылы Жамбыл облысында Красногор ауданы ашылуымен, сол кездегі аудандық тәрбие коитетінің шақыруына байланысты аудандық спорт комитетіне төраға болып тағайындалады. Асылхан Рахымжанұлы ауданда спорт саласын басқарған жылдары Красногор ауданының жалында жас спортшылары облыс тіпті, респбуликалық жарыстарға қатысып, жоғары нәтижелер көрсете бастайды.
1979 жылдан 1983 жылдар арасында аудандық халық ағарту бөліміне қарасты спорт мектебінде оқытушы, жаттықтырушы және директордың орынбасары қызметін атқарған кездерде де аудан спорты ерекше дами түскен. Қайда жүрсе де туған ауылының спортын өркендетуді арман еткен жалында жас маман 1981 — 1986 жылдары туған ауылына оралып, Киров колхозындағы орта мектепте дене шынықтыру пәнінен мұғалімдік жұмысын бастайды. Өзі оқып бітірген мектеп қашанда адам баласына ыстық болатыны белгілі. Мектеп оқушыларына тек қана сабақ берумен шектелмей, аудандық спорт мектебінен футбол мамандығы бойынша ауылда спорт мектебінің филиалын ашып, оқушыларды футбол үйірмесіне баулап, тәрбелей бастайды. Тек қана футболмен шектелмей мектепте дойбы, волейбол үйірмелерін де ашып, ауыл жастарының спортқа қызығушылығын арттыруды көздейді. Білікті маманнан жаттыққан ауыл балалары футболдан аудандық, облыстық жарыстарда чемпион атанып, республикалық біріншіліктерде жүлделі орындар алады. Дойбыдан, курестен, волейболдан ұлдар мен қыздардың командалары аудан чемпионы атанып, облыстық жарыстарда жүлделі орындарды олжалауды дәстүрге айналдырады.
Толағай табыстың барлығы мектепте дене шынықтыру жұмыстарын дұрыс жолға қойғанның арқасында жеткізе білген Асылхан Рақымжанұлы аудандық , облыстық білім беру басқармаларының құрмет грамоталарымен марапатталады. Сол кездегі ағайымыздың бел шәкірттері бүгінде еліміздің әр өңірлерінде әр қалада спорт саласында еңбек етіп, шәкірт тәрбиелеп жетістіктерге жетіп жүр. Айталық, футболдан Мұрат Кененов, Төкен Солтанаев, Майлыбек Өмірзақов, Арман Елібаев, Ақын Ордабайұлы мен Қазақтың дене шынықтыру инистутын тәмамдаған соң «туған жерге туыңды тік» демекші, ауылға оралып, Асылхан ағайының ізін жалғастырып, көптеген талантты жастардың томағасын сыпырып спорт деген ұлы сиқырға баулаған Айдар Тұрғанқұловты да ерекше атап өткен жөн шығар. Әсіресе, шәкірттерінің ішінде Төкен Солтанаев Павлодардың «Трактор» клубында, содан кейін «Намыс» командасында табысты өнер көрсетіп, еліміздің намысын қорғады. Сонымен қатар, өнер саласында Мақсат Базарбаев, Айгүл Иманбаева, Саят Медеуов секілді елге танымал әншілер Асылхан ағайымыздың дене шынықтыру сабағынан тәлім алған. Олар бүгінде барша қазақ танып білген өнерпаздарға айналды.
Асылхан Рақымжанұлы 1986 жылы қыркуйек айынан бастап отбасы жағдайына байланысты Алматы қаласына көшіп келіп, 1993 жылға дейін қаладағы №62 мектепте дене шынықтыру пәнінен мұғалімдік қызмет атқарады. Барған жерінінің бағын ашуға жолы болып тұратын білікті ұстаздың бұл мектепте шәкірттері футболдан 1988 жылы қалалық аламан жарыста чемпион атанады. Осы мектепте жұмыс атқарып, әртүрлі-қалалық іс -шараларға қатысып жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп, тасы өрге домалай түседі. Қала әкімшілігінің білім басқармасының шешімімен 1992 жылы тынымсыз еткен еңбегі ескеріліп, үздік мұғалім атанып, мектептің абыройын арттырады. 1993-1998 жылдар Түркістан қаласындағы Кентау бөлімінде Яссауи атындағы Қазақ түрік университетінде аға оқытушы қызметін атқара жүріп, университеттің футбол командасының оқытушы-жаттықтырушы қызметін қосымша атқарып ол жақта да таланттарды танытуға үлесін қосады.
Содан дәм тартып, Алматы шаhарына қайта оралып, 1998 — 2000 жылдарға дейін балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы, әдіскер қызметін атқарады.
2000 — 2007 жылдары Алматы қаласындағы энергетика және электронды аспап жасау колледжінде оқытушы қызметін атқара отырып, қосымша футболдан жаттықтырушы болып істейді. Сүйген ісінің сүйінішін көрмей қоймайтын жаттықтырушы, колледж футбол командасын дайындап колледждер арасында өтіп тұратын қалалық жарыстың, бірнеше дүркін жеңімпазы атанады. Біз осы жерде ардақты ұстаздың қайда бармаса да өзінің жүрек қалауы тартып тұратын футболдан бір қол үзбегенін байқаймыз.
2008 жылдан бері 2014 жылға дейін Білім және ғылым министрлігіне қарасты Ұлттық ғылыми практикасы дене тәрбиесі орталығында ұйымдастыру-талдау бөлімінің қызметіне келеді. Бар ғұмырын спортқа арнаған бапкер әрі ұстаз Асылхан Рақымжанұлы спорттағы жылдар бойы жинаған тәжірбиесін ғылыммен ұштастыруды көздейді. «Гигиена» мамандығы бойынша 2007 жылы «Гигиеническая оценка физического развития детей и подростков школьного возраста с различным двигательным режимов» атты тақырыпта кандиданттық дисертация қорғайды. Осы күнге дейін 6 әдістемелік ұсыным, 6 ғылыми әдістемелік оқулық, 8 оқулық және 145 ғылыми мақалалар жазып шығарады. Автордың негізінде ғылыми мақалалары, соның ішінде халықаралық конференцияларда, конгрестерде жазған жазбалары алыс және жақын шет елдерде басылып шығып, оқырманның оң бағасын алады. Сонымен қатар, еліміздегі жоғарғы оқу орындарының басылымдарында республикалық ғылыми практикалық және ғылыми оқу әдістемелік басылымдарында жарық көргенін айтқанымыз орынды. Осы аталған ұйымдарда 15 жуық баяндама жасап, 10 жуық ғылыми ұйымдарда халықаралық және республикалық конференция өткізуді ұйымдастыру комитетінің мүшесі болғаны тағы бар. 2004 — 2010 жылдары арасында елімізде өткізілген футболдан әлем, Еуропа іріктеу чемпионатында ұйымдастыру комитетінің мүшесі болғаныны туралы да айырықша айта кеткен жөн.
2010 — 2020 жылдары арасында Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары арасында жазғы және қысқы студенттер универсиадасында және мектеп оқушылары арасында республикалық жарыстарда Аппеляциалық комитетінің төрағасы болып қызмет атқарған. Ал, 2021 жылдан бері Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетінде қызмет атқарып келеді.
Ардақты ұстаздың өмір жолындағы ең бір қол жеткен биігі ол, 2022 жылдың 26 тамызында Ресейдің Санкт Петербург қаласындағы Петровский ғылым және өнер академиясының толық мүшесі болып «Академик» деген атақтың берілуі еді. Асылхан Рақымжанұлы Әбішев Лезгафт атындағы университеттің ғылыми ұйымдарымен дене шынықтыру және спорт саласы бойынша тығыз жұмыс жасаған. Қазақстан бойынша жоғарыда аталған академиямен 2010 жылдан бері ғылыми жұмыстарды бірге істеп келеді екен. Ғылыми жұмыста болғанда қосымша кандидаттық және докторлық дессертация қорғайтындарға реценция пен пікір жазып отырған. Ғылыми зерттеу жұмыстарына араласып, жұмыстарды атқару жөнінде ұйымдастыру комитетінің мүшесі болған. Міне, осы еңбектері ескеріліп ғылыми «Академик» атағы берілген.
Ал енді ұлағатты ұстаз, әрі жалынды жаттықтырушы ретінде алған наградалары да бір төбе. 2010 жылы Туризм және спорт министрінің алғыс хатымен, 2012 жылы Білім және ғылым министрлігінің Ы.Алтынсарин төсбелгісімен, «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздік қызметкері» төсбелгісімен. 2016 жылы және 2021 жылы екі рет Білім және ғылым министірлігіне қарасты Ұлттық ғылыми практикалық дене тәрбиесі орталығының төсбелгісімен, 2015 жылы Ұлттық Олимпиадалық комитеттің төсбелгісімен марапатталды. 2019 жылы Білім және ғылым министірінің Құрмет грамотасымен, 2018 жылы Білім және ғылым министрінің грамотасымен марапатталған.
«Ер жігітке жарасар еліне тисе пайдасы», деген екен Шораяқтың Омары. Ауылдан шығып, барша Алаш жұртына танылған Асылхан Рахымжанұлының өмір жолында еліне тиген пайдасын спортқа ғылыми көзқараспен қарай отырып, жасаған еңбектерін өткен жолдары арқылы көреміз. Ұлы Абайдың «Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға. Ұстаздық қылған жалықпас, үйретуден балаға, -дегені біздің Асылхан ағамызға арналғандай. Алымды да алғыр ұстаз, жаны жайсаң азамат, айналасына қадірлі ұстаздың жас ұрпаққа берері әлі жетеді. Ендеше, жұмысына асыға басып кетіп бара жатқан ардақты ағайға қажыр, қайрат тілесек артық болмас.
Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,
АЛМАТЫ
Ақын Ордабайулы! Сіздің мақалаңызды оқып, өзімнің білім алған мектебімдегі бақытты балалық шағым, көз алдымнан елес боп өтті десемде болады.ҰСТАЗДЫҚ еткен жалықпас, үйретуден балаға демекші, бізге сабақ берген ұстаздарға рахмет, өздерінің бойындағы құнды қасиеттерін, білімдерін беріп, аянбай еңбек етті. Білім нәрімен сусындаткан ұстаздарымызға мың алғыс. Мақаладағы басты кейіпкер А. Р. Әбішев ағайдың орны бөлек.Спорт саласын жандандыруға атсалысып, ғылыми жобасын қорғап,спорт бағытында мақалалары жарық көріп, білімін шыңдап, спорт саласы бойынша біраз қызмет атқарып жетістіктерге жеткеніне қуаныштымыз. Әсіресе ауыл балаларын аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық деңгейде өткен спорттық жарыстарға қатыстырып, жетістіктерге жетіп Қ. Р. чемпионаты болып жатқаны қуантарлық жағдай. А. Ә. Рақымжанұлын жан — жақты, білімді, рухы мықты болсын, әліде ауыл жастарын спорт әлемінде тартып,шәкіртері Қазақстанды әлемге паш етіп, көк туымызды биіктен көре берейік. Ақын Ордабайулы сізгеде көп рахмет. Өмірін спортпен өрнектеген, спорт десе жанын беретін А. Ә. Рақымжанұлының өмір жолын қалам ұшына түсірген екенсіз.Сізге де зор денсаулық, кажымыс қайрат, шығармашылық табыс, қаламыңыз ұштала берсін. Еліміз аман,жұртымыз тыныш болсын!