Катар құрамасы футболдан әлем чемпионатының ашылуында Эквадордан 0:2 есебімен ұтылды.
Мундиалдың алғашқы матчы Әл-Хаур қаласындағы «Әл-Байт» стадионында болды.
Кездесудегі екі доп та қақпаға бірінші таймда соғылды.
Эквадорлықтар 3-минутта есеп ашқан еді. Бірақ алаңдағы арбитр офсайд болды деген есептемей тастады.
Бұдан кейінгі бірінші гол пенальтиден салынды. Матчтың 16-минутында өзімен бетпе-бет шыққан Эквадор құрамасының шабуылшысы Эннер Валенсияны катарлық қақпашы өз айып алаңында екі қолымен аяғынан ұстап құлатты. Осы үшін белгіленген он бір метрлік айып добын форвардтың өзі соқты.
Арада тағы 15 минут өткеннен кейін Валенсия дубль жасады. Бұл жолы ол қақпашы алаңына қарай алыстан берілген допқа басын тоса қойып, оны тордан бір-ақ шығарды.
Эквадорлықтар матчтың бірінші таймында өте сенімді ойнады. Катарлықтар олардың қақпасына қауіп төндіре алмады.
Ойынның екінші таймында алаңдағы қарқын біршама басылып қалғандай болды. Эквадорлықтар допты өз тізгіндерінде ұстап, қарсыластарының шабуыл жасауларына жол бере қоймады. Сөйтіп, олар алаң иелеріне есепті матч соңына дейін өзгертуге мүмдік берген жоқ.
Енді екінші турдың ойынын Катар 25 қарашада Сенегалмен өткізсе, Эквадор сол күні Нидерландпен алаңға шығады.
21 қараша күні Англия мен Иран (19:00), Сенегал мен Нидерланд (22:00) құрамалары өзара күш сынасады. Ал сол күні түнде жасыл алаңға АҚШ пен Уэльс (01:00) командалары шығады.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА