• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Рыбакина әлемнің бірінші ракеткасын ұтты

    Теннистен Австралияның ашық чемпионатында қазақстандық Елена Рыбакина поляк Ига Свёнтекті жарыс жолынан шығарып тастады. 

    Польшаның 21 жастағы теннисшісі Ига Свёнтек әлем рейтингісінде қазір бірінші нөмірлі болса, Елена Рыбакина 25-сатыда тұр.

    «Australian Open» Мельбурндегі «Мельбурн Парк Род Лэйвер Арена» стадионында болып жатыр.

    Қаңтардың 16-сында басталған ашық чемпионаттың әйелдер турнирінде екінші аптаға «Үлкен шлем турнирлерінің» бес бірдей чемпиондары – Виктория Азаренко, Елена Остапенко, Елена Рыбакина, Ига Свёнтек және Барбора Крейчикова жетті. Олардың бәрі жеребедегі електің жоғарғы жартысынан орын алды.

    Бұлардың арасынан 1/8 финалдық шайқасқа бірінші болып Елена Рыбакина мен Ига Свёнтек шықты. Кездесу 1 сағат 19 минутқа созылды. Матч 6:4, 6:4 есептерімен қазақстандық спортшының пайдасына шешілді. Соңғы сеттің басында Лена қарсыласынан 0:3 есебімен ұтылып тұрды. Бірақ есесін көп ұзамай қайтарып, ақырында алға шықты.

    Енді Рыбакина ширек финалда латвиялық Елена Остапенкомен күш сынасады.

    Еске сала кетейік, Ига 2022 жылы «Ролан Гаррос» пен US Open турнирінде көш бастаса, Елена Уимблдонда бірінші болған еді. Алайда, осы кезде ресейлік және беларусьтік теннисшілер банға жіберілулеріне байланысты рейтингілік ұпайларынан айырылып қалғандықтан, Қазақстан өкілі өз рейтингісіне 2000 балл қоса алмады. Сөйтіп, 25-сатыда қалып қойды.

    Австралияның ашық чемпионаты 30 қаңтарда өз мәресіне жетеді.

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *