• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    «Кім істегенін білмеймін»: Бейбіт Ыстыбаев аяғының төрт жерден сынғанын айтты

    «Қазақстан Барысы» турнирінің бірнеше дүркін жеңімпазы, қазақ күресінен әлем және Азия чемпионы Бейбіт Ыстыбаев сол аяғын сындырып алды. Бұл туралы ол Uaqyt.info сайтына берген сұхбатында айтты. 

    Балуанның айтуынша, ол бес айдан бері аяғындағы сынықты емдеп келеді. Белгілі балуан көкпарда жүргенде аяғын ат қағып кеткенін жасырмады.

    «Осыдан бес ай бұрын Жамбыл облысындағы ауылдардың бірінде көкпар болды. Ойынның соңғы жағында ат соғып, сол аяғым төрт жерден сынып кетті. Үш адам көкпарға таласып жатқанбыз. Жазым ғой енді… Содан қасымдағы достарым көлікке салып, сынықшыға бардық. Әлгі апа аяғымды көріп, күшім жетпейді деді. Төрт жерден бөлініп қалған ғой, былқ-сылқ етіп, салбырап тұр. Одан кейін ауруханаға барып, таңға дейін операция жасады. 20 күн бұрын тағы бір операция жасаттым», — деді Бейбіт Ыстыбаев.

    Бейбіттің айтуынша, дәрігерлер оның сынған сүйектерін темірмен бекітіп берген. Әзірге сынған төрт жердің үшеуі ғана дұрыс орнығыпты. Ол күзде болатын көкпар ойындарына іштей дайындалып жүргенін айтады. Ал атпен қаққан адамның кім екені сол бойы жұмбақ күйінде қалған.

    «Күресті қойғаныма жеті жыл болды. Ал көкпарды екі аяқты кесіп тастағанша ойнай береміз ғой. Құдай қаласа, күздегі ойындарға дейін толық аяққа тұратын шығармын деп отырмын. Көкпар өзі сондай ойын ғой, аяқ-қолды сындырып алу бір-ақ пәсте. Аяғымды кім сындырғанын білмеймін, ол адамды іздеген де жоқпын. Өзі де кешірім сұрап келген жоқ. Мүмкін, қорыққан шығар. Енді ойын болғаннан кейін түрлі жағдай болып тұрады ғой. Ең бастысы — бас аман болсын», — деді Ыстыбаев.

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *