• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Президент Рыбакинаға бағалы сыйлық берді

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев теннисші Елена Рыбакинамен кездесті.

    Президент Australian Open, Индиан-Уэллс және Майами турнирлерінде керемет өнер көрсеткен Елена Рыбакинаны құттықтап, шеберлігі мен жеңіске деген ерік-жігері үшін ризашылығын білдірді.

    Мемлекет басшысы Қазақстан теннисшілерінің жетістігі өскелең ұрпақ арасында осы спорт түрінің танымалдылығын арттыруға септігін тигізетінін атап өтті. Елена Рыбакина жеңіс тұғырынан көрінген сәттерінде қолдау білдіргені және жүрекжарды құттықтауларын жолдағаны үшін президентке алғыс айтты. Даңқты теннисші алдағы уақытта да беделді халықаралық жарыстарда сәтті өнер көрсетуге бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді.

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазір елімізде 30 мыңнан аса адам тенниспен айналысатынын айтты.

    Оның 10 мыңнан астамы – 10 жасқа дейінгі балалар. Осы спорт түріне бұқаралық сипат беру мақсатында еліміздің 17 аймағында теннис корттары салынды. Сондай-ақ Baby tennis, «10 жасқа дейінгі теннис» секілді жобалар табысты жүзеге асырылып жатыр, — деді президент.

    14-15 сәуірде Астанада алғаш рет Билли Джин Кинг кубогының іріктеу матчы өтеді. Теннистен Қазақстанның әйелдер құрамасы Польша командасына қарсы ойнайды. Бұл кездесудің жеңімпазы әлем чемпионатына жолдама алады.

    Мемлекет басшысы халықаралық деңгейдегі мұндай іс-шараларды ұйымдастыру еліміздегі теннистің даму деңгейін арттыруға тың серпін беретінін айтты. Сондай-ақ Парижде өтетін жазғы Олимпиялықойындарына лицензия ұтып алған теннисшілерімізге сәттілік тіледі.

    Кездесуде президент Рыбакинаға сағат пен орамал сыйлады. Ал теннисші мемлекет басшысына Wimbledon-2022 кітабын сыйға тартты.

    Кітаптың алғашқы бетіне теннисші «Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа Елена Рыбакинадан. Астана. 13.04.2023» деп қаламмен жазды.

    Wimbledon-2022 авторлары – Paul Newman, Alix Ramsay.

    Осыдан кейін Елена Рыбакина президенттің қабылдауынан кейінгі брифингіде жанкүйерлерін Билли Джин Кинг кубогының іріктеу матчына шақырды.

    Бүгін мемлекет басшысымен кездесуде болдым. Әрине, таңертең өте қобалжулы едім. Дегенмен, жалпы бәрі де жақсы өтті. Өзімнің алдағы жоспарларыммен, турнирлер туралы ақпаратпен бөлістім. Ертең Қазақстанда, осы астанада өнер көрсетеміз. Баршаңызды көргеніме қуанышты боламын. Әрине, жақсы өнер көрсетіп, жеңіске жетемін деп үміттенемін. Мұнан кейін де бүкіл командамызбен бірге жарқын жеңістерімізбен қуанта береміз», — деді Елена Рыбакина

    Одан әрі әлемнің жетінші, Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Қазақстан мен Польша командаларының матчы алдындағы жеребе тарту рәсіміне қатысты.

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *