• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Алдағы 6 жылға жоспарланған спорт тұжырымдамасы бекітілді – Асхат Оралов

    Қазақстанда алдағы 6 жылға жоспарланған спорт тұжырымдамасы бекітілді. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

    Ол 2023-2029 жылдарға арналған Дене шынықтыру мен спортты дамытудың тұжырымдамасы бекітілгенін атап өтті.

    Онда елімізде осы салаларды дамытудың жаңа бағытын айқындадық, бұқаралық спортқа, оның ішінде балалар мен жастар арасында, азаматтардың барлық санаты үшін дене шынықтыру және спортпен шұғылданудың жалпыға қолжетімділігіне, дене шынықтыруға, әуесқой және кәсіптік спортқа тең көзқарасқа, жоғары жетістіктер спортын және бейімделгіш спортты дамытуға баса назар аудардық, — министр.

    Оның айтуынша, 2029 жылға дейін жыл сайын еліміз бойынша 20 мыңнан аса спорттық-бұқаралық іс-шара өтуге тиіс, ал ауылдардағы спорт нұсқаушыларының саны 4 мыңға дейін өседі. Мектептер мен жоғары оқу орындарының жанынан тұрақты негізде жұмыс істейтін спорт клубтары мен командалар құрылады. Олардың арасында аудандық, облыстық және республикалық жарыстар өтеді.

    Ұлттық спорт түрлерін насихаттауға спорттық-бұқаралық іс-шараларды дамытуға ерекше мән беріледі.

    Мысалы, елімізде V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Қазақстанның солтүстік өңірлерінде Ұлттық спорт түрлерін дамытуға ерекше назар аударылады, — деді Асхат Оралов.

    Сондай-ақ жаңа спорт нысандары салынып, ескі ғимараттар күрделі жөндеуден өтеді.

    113 жаңа спорт нысанын салу, 20-сын жаңарту және жұмыс істеп тұрған 6 спорт нысанын қайта жарақтандыру жұмысы жалғасады. Ауылдарда шағын бюджетті спорт құрылыстарына және модульдік үлгідегі аз шығынды, тез салынатын спорт кешендеріне басымдық беріледі. Сондай-ақ министрлік жұмыс істеп тұрған дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттарына түгендеу жүргізеді. Бизнесті спорттық инфрақұрылым салуға ынталандыру жөніндегі шаралар әзірленетін болады. Мысалы, нысанды салу шығындарының бір бөлігін өтеу, — деді ол.

    Министр олимпиадалық резервті дайындау үшін Қазақстан бойынша жаттығу орталықтары құрылатынын атап өтті.

    Онда жыл бойы жетекші спортшылар да, басым спорт түрлері бойынша барлық дарынды спортшылар да дайындалады. Бұл орталықтарда жұмыс істеуге ғылыми қызметкерлер де тартылады. Ал облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың құрама командаларын дайындау үшін Қазақстанның барлық өңірінде Астананың үлгісімен олимпиадалық және олимпиадалық емес түрлер бойынша спортты дамыту дирекциясын құру жоспарланып отыр, — деді ведомство басшысы.

    Сонымен қатар Олимпиада ойындарына спортшыларды дайындау жұмысы күшейеді.

    «Жаттықтырушы-оқытушыларға спортшылардың жоғары нәтижелері және оларды спорттық дайындықтың келесі кезеңіне бергені үшін ынталандыру төлемдері енгізіледі. Бұл жас таланттардың алға жылжуына көмектеседі, ал мамандарға қосымша мотивация береді.

    Алдағы жазғы және қысқы Олимпиадаға дайындық мақсатында «Париж-2024» және «Милан-2026» бағдарламалары іске асырылады, олардың шеңберінде біз спортшыларға жан-жақты қолдау көрсетеміз, — деді Асхат Оралов.

    Спорттық медицинаны дамытуға ерекше көңіл бөлінеді.

    Елімізде спортшыларды оңалтуға және қалпына келтіруге арналған өңірлік дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерлерінің бөлімшелерін ашу бойынша жұмыс жалғасады. Спорттық медицина орталығын кезең-кезеңімен жаңғырту және ұлттық құрамаларды медициналық-биологиялық қамтамасыз ету сапасын жақсартамыз. Жас спортшылар жағдайында олардың жас, физиологиялық және психологиялық ерекшеліктері ескеріледі, — деді министр.

    2025 жылы спорт мекемелері, командалар құрамы, жаттықтырушылар, төрешілер және спорттық іс-шаралар туралы мәліметтер жинауға арналған E-Sport ұлттық цифрлық платформасын енгізіледі.

    Жобаның мақсаты – спортшылардың, жаттықтырушылардың, төрешілер мен әдіскерлердің қызметіне мониторинг жүргізу, кәсіби спортшылар мен жаттықтырушыларды даярлау жүйесін дамыту, кадрлар тапшылығын еңсеру, сондай-ақ спорт саласындағы мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру, — деді министрліктің басшысы.

    Сондай-ақ спорт дәрігерлерін, психологтарды, диетологтарды, нутрициологтарды, бейімдеу бағытында дене шынықтыру жаттықтырушыларын және басқа да мамандарды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын ұлғайту мәселесі пысықталады.

    Қолданыстағы ереженің орнына спортшыны даярлаудың барлық кезеңінде жаттықтырушылар үшін жоғары спорттық нәтижелер үшін біржолғы төлемдерді енгізу жоспарланған. Оған сәйкес, мұндай төлемдер тек бірінші, жеке және бас жаттықтырушылар үшін ғана есептеледі.

    Республикалық және өңірлік спорт федерациялары спорт төрешілерін дайындайды. Сондай-ақ халықаралық аренада қазақстандық төрешілер санын арттыру бойынша жұмысты күшейтеміз.

    Дене шынықтыру және спорт жөніндегі республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығы шетелдік лекторларды тарта отырып, жаттықтырушылар мен оқытушылардың біліктілігін арттыру жөніндегі жұмысты жалғастырады, — деді Асхат Оралов.

    Іс-шаралар нәтижесінде 2030 жылға қарай дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысатын балалар мен жасөспірімдердің үлесін 45%-ға дейін, ал спорттық белсенді халықтың жалпы үлесін 50%-ға дейін ұлғайтуға, ерекше қажеттіліктері бар адамдар арасында бұл көрсеткішті 23%-ға дейін арттыруды жоспарлап отырмыз.

    1000 адамға спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету көрсеткішін 65%-ға дейін, ал тірек, жақын маңдағы және стратегиялық ауылдық елді мекендерді спорттық инфрақұрылыммен қамту 100%-ға дейін өсуге тиіс.

    Ұлттық спорт түрлерімен айналысатын азаматтардың пайызы дене шынықтыру және спортпен айналысатындардың жалпы санының 9,6%-на дейін жетеді», — деді министр.

    Сондай-ақ спорт шебері мен халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативтерін орындаған олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат-колледждер түлектерінің үлесін 35%-ға дейін арттыру жоспарда бар.

    Асхат Оралов халықаралық деңгейдегі турнирлерде жеңіп алынған медальдар санын жылына кем дегенде 900 бірлікке жеткізуді көзделіп отырғанын атап өтті.

    Оның айтуынша, бұл – мақсаттар ауқымды әрі үлкен. Дегенмен оған бірлескен күш-жігердің арқасында қол жеткізуге болады. Ол үшін бүгіннен бастап белсенді жұмыс істелініп жатыр.

     

    Дәурен ЕРБОЛАТ,

    АСТАНА

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *