Өзбекстанның Ташкент қаласында бокстан ересектер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатында ұлттық құраманың 54 келі салмақ дәрежесіндегі былғары қолғап шебері Махмұд Сабырхан да финалға шықты. Ол жартылай финалда кубалық Йосвани Вейтианы ұтты.
Махмұд Сабырхан – ұлттық құрамада сенім артылып отырған боксшының бірі. Финалда ол қарсыласын аса қиналмай жеңді.
Финалдың бірінші раунды қазақ боксшының үстемдігімен өтті. Боксшымыз ширек финалда ганалық Мұхаммед Амадуды жеңгендей, өз стилінде айқасты. Жекпе-жектің алдында да өз стилімде бокстасамын деген еді. Сол сөзінде тұрды.
Боксшымыз екінші және үшінші раундты тамаша өткізді. Енді финалда ол Дмитрий Двали (Ресей) мен Ойбек Джураев (Өзбекстан) жекпе-жегінің жеңімпазымен кездеседі.
Еске сала кетейік, Өзбекстанда өтіп жатқан әлем чемпионатына Қазақстан құрамасының сапында Санжар Тәшкенбай (48 кг), Сәкен Бибосынов (51 кг), Махмұд Сабырхан (54 кг), Серік Теміржанов (57 кг), Талғат Сырымбетов (60 кг), Санатәлі Төлтаев (63,5 кг), Дулат Бекбауов (67 кг), Асланбек Шымбергенов (71 кг), Нұрқанат Райыс (75 кг), Нұрбек Оралбай (80 кг), Сағындық Тоғамбай (86 кг), Айбек Оралбай (92 кг), Қамшыбек Қоңқабаев (+92 кг) барды.
Осылардың ішінен жартылай финалға Санжар Тәшкенбай (48 кг), Махмұд Сабырхан (54 кг), Дулат Бекбауов (67 кг), Асланбек Шымбергенов (71 кг) пен Нұрбек Оралбай (80 кг шықты.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, әлемдік жарыстың көніне екі еселенген мөлшерде сыйақы қойылады. Ол 5,2 млн АҚШ доллары сомасы болады. Чемпионатта алтын жүлдегерлер 200 мың доллар алса, күміс медаль иегеріне 100 мың доллар, қола жүлдегерге 50 мың доллар мөлшерінде қаржы тапсырылады. Бұған дейін әлем чемпионатының осыншама көлемдегі сыйақысы болған емес. 2021 жылы Сербияның астанасы – Белградта өткен әлемдік дода ол 2,6 млн АҚШ доллары болған еді. Сол кезде алтын жүлденің иесіне 100 мың, күміс медалиске 50 мың, ал қола жүлдегерге 25 мың доллары тапсырылған.
Биылғы чемпионаттың жекпе-жектері 1 мамырда басталды. Жарыстың 1/32, 1/16 және 1/8 іріктеу шайқастары 1-9 мамыр аралығында, ширек финалдық ұрыстары 10 мамырда болды.
Бүгін Ташкенттің «Хумо» аренасында жартылай финалдық сайыстар болып жатыр. Ал ертең және арғы күні финалдық айқастары болады.
Қолда бар мәліметке қарағанда, жартылай финалға Өзбекстанның 9 боксшысы шығыпты. Одан кейін Куба мен Ресейден алты-алты былғары қолғап шебері жолда алған. Ал біздің елдің құрамасынан бес спортшы ½ финалға шықты.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА
View this post on Instagram