Қарағанды қаласында қол добынан ерлер арасында VI жазғы Спартакиадасы мәресіне жетті, деп хабарлады Мәдениет және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясы.
Бір апта бойы кеншілер астанасында 6 өңірдің командасы өзара (Астана, Шымкент қаласы, Қарағанды, Маңғыстау, Ақтөбе және Алматы облысы) айналмалы жүйе бойынша мықтыны анықтады.
Шешуші турда бірден Қарағанды, Ақтөбе мен Шымкент гандболшылары бас жүлдеден дәмелі болды. Жарыс қожайыны Астана қаласының командасын ұтып (38-30), ұпай санын 8-ге жеткізді. Осыдан кейін Шымкент қаласы Ақтөбе облысының жасағын 33:22 есебімен жеңді. Осылайша, 3 команда да бірдей 8 ұпайдан жинады.
Жүлдегерлер доп айырмашылығы бойынша ғана анықталды. Қарағанды облысы жеңімпаз атанса (57-53), Шымкент қаласы күміс (56-55), Ақтөбе облысы (51-56) қола медальге ие болды.
Осыған дейінгі V жазғы Спартакиада Қарағанды қаласында өткен. Сол кезде 4 команданың арасында (Қарағанды, Астана, Павлодар мен Атырау) кеншілер чемпион атанған. Астана қаласы күміс, Павлодар облысы қола алған. Биылғы жарыстың деңгейі бір саты болса да көтерілген. Соңғы турда 3 команданың бірдей ұпай жинап, тең түсуі соның көрсеткіші, — деді Астана қаласы командасының жаттықтырушысы Владимир Березин.
Небәрі екі рет жеңіске жеткен елордалықтар бұл жолы 4-орынмен шектелді. Жазғы Спартакиадаға қатысып жатқан жаңа облыстың бірі Алматы бесінші, ал Маңғыстау облысы алтыншы сатыдан көрінді.
Біз қола медальды місе тұттық. Қалағанымыз бас жүлде еді. Шымкент қаласымен нашар ойнадық. Әсіресе, алғашқы айналымда. Тым көп гол соққызып алған соң айырмашылық көбейіп кетті. Неге бұлай болғанын білмеймін. Демек, әлі дайындықты күшейтіп, тағы жұмыс істеу керек. Енді ұлттық құрамамен Азия ойындарына дайындық күтіп тұр. Құраманың жуырда жасақталғанына қарамастан жақсы нәтиже көрсетуге барымызды саламыз, — деді Ақтөбе командасында ойнайтын ұлттық құраманың қақпашысы Асылхан Набиев.
Қазақстан ерлер құрамасы алда Қытайдағы Азиада мен Қатар астанасында өтетін Париж Олимпиадасының іріктеу турниріне қатысады.
Шамкен БАЙЫРБЕК,
АСТАНА