Қазақстанның бірінші, әлемнің 3-ракеткасы Елена Рыбакина эйс жасау жөнінен әлемде көш бастап келеді.
Қазақстан теннис федерациясының хабарлауынша, биылғы маусымда Рыбакина 44 матчта 349 эйс жасаған. Одан кейін тізімде франциялық Каролин Гарсия тұр. Оның 42 матчта 305 эйс жасауға шамасы жеткен. Үшінші орында белорус теннисшісі Арина Соболенко келеді. Ол 48 матчта 275 эйс жасап, көзге түскен. Сонымен бірге ресейлік Вероника Кудерметова (39, 206) мен Людмила Самсонова (32, 197) төртінші, бесінші орыннан көрінген.
Тағы бір атап өтетін нәрсе, жақында Қазақстан теннисшілері әлемдік рейтингтегі көрсеткіштерін жақсартты.
Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) және Кәсіби теннисшілер қауымдастығының (ATP) жаңартылған рейтингінде Уимблдон турнирін ширек финалда аяқтаса да бұрынғыша 3-орнын сақтап қалды.
Юлия Путинцева 56-дан 60-қа сырғыса, жұптық сында Анна Данилина 24-тен 25-ке, Жібек Құламбаева 198-ден 186-ға шықты.
Александр Бублик Уимблдон турнирінің төртінші айналымына дейін жеткенімен, 26-дан 27-ге сырғыды. Тимофей Скатов 138-ден 134-ке, Михаил Кукушкин 262-ден 223-ке, Бейбіт Жұқаев 243-тен 242-ге көтерілді.
Жұптық сында Александр Недовесов 48-ден 53-ке төмендесе, Андрей Голубев 88-ден 82-ге жоғарылады.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА