Беларусь астанасы — Минск қаласында өтіп жатқан ТМД-нің II ойындарының үшінші күні Қазақстан қоржынына алты қола жүлде түсті.
Атап айтар болсақ , дзюдо күресінен Алдияр Саин (90 кг) мен Әлихан Назымханов (+90 кг), жеңіл атлетикадан Ангелина Шрубянец (60 метр), Дмитрий Спаский (2000 метр), Алиса Исаева (ұзындыққа секіру) және көркем гимнастикадан қыздар құрамасы ТМД ойындарының қола жүлдегері атанды.
Үшінші күннің қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте 39 алтын, 25 күміс және 17 қоламен Ресей құрамасы топ басында келеді. Екінші орындағы Беларусь командасының 12 алтын, 14 күміс және 24 қола медалі бар. Үздік үштікті 6 алтын, 9 күміс және 11 қоламен Өзбекстан түйіндеп тұр. Қазақстан құрамасы 1 күміс, 6 қола жүлдемен Қырғызстанмен бірге 8-орынға орналасты. Қазақстан командасының алдында Әзербайжан, Армения, Түркіменстан мен Вьетнам елдері бар.
Ертең, 8 тамызда спортшыларымыз жеңіл атлетикадан, нысана көздеуден және командалық дзюдодан сынға түседі.
Мұсағали ТАСҚАЛИЕВ,
АҚТӨБЕ