Бүгін футболдан 2024 жылы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирі аясында өтетін Қазақстан мен Финляндия командаларының матчының қарсаңында ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Магомед Адиев ойын туралы өз ойын айтты.
Ол БАҚ өкілдеріне берген шағын сұхбатында Финляндия құрамасының бас жаттықтырушысының жақсы команда жасақтап алғанын, ойыншыларының бәрі сыннан сүрінбей өткен тәжірибелі футболшылар екенін атап өтті.
Финляндия оңай қарсылас емес. Оларда шабуылда үш жақсы ойнайтын үш ойыншы бар. Финдердің көбісі Пукки арқылы ойнайды. Оң қапталдан ойынға белсенді кіріседі. Финляндия қорғаныстан шыға алатын, шабуылда жылдам футбол ойнағанды ұнататын команда. Бірақ олар позициялық шабуылдарға немқұрайлы қарайды деп айта алмаймын. Мен қарсыластан көп тактикалық ойын күтемін. Менің фин әріптесім жақсы команда жасақтап алған екен.
Қарсыласты ұтуға болады. Ол жігіттердің қолынан келеді, — деді ол.
Кездесуде бас жаттықтырушы Михаил Габышев пен Бауыржан Исламханның жарақат алғанын, олар Финляндиямен матчқа алаңға шыға алмайтынын ескетті.
Екеуінің жарақат алғаны әрине, қиын. Оларға ота жасалды. Жігіттермен сөйлестік, қолдау көрсеттік, оларды алаңда да, ұлттық құрамада да күтеміз. Оң қаптал жайлы айтатын болсақ, Габышев жарақат алғанға дейін де мен бұл позицияға басқа ойыншыны қоюды жоспарлағанмын. Габышев жарақат алмаса да алаңға алғашқы минуттардан шықпайтын еді. Бізге бұл орынға басқа ойыншы керек. Оның кім екенін ойында көресіздер.
Тапаловқа келсек, ол Солтүстік Ирландияға қарсы алаңға шығады, — деді бас жаттықтырушы.
Сонымен бірг еұлттық құраманың бас жаттықтырушысы жаңа футболшылардың шақырылғанын, осы жігіттер ұжымға тез сіңісіп, командаластарына үлкен қолдау болатынына сенім білдіріп, Финляндияны жеңе алатынын айтты.
Бүгін– 7 қыркүйекте Астанада кешкі сағат 20:00-де 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирі аясында Қазақстан мен Финляндия ұлттық құрамаларының матчы басталады.
Қазір турнир кестесінде Қазақстан құрамасы төрт ойыннан кейін 9 ұпаймен Финляндия командасынан кейін екінші орында тұр. Скандинавия түбегінің құрамасында да 9 ұпай бар. Бірақ доп айырмашылығы бойынша Суоми елінің көрсеткіші жақсы. Олар қарсыластар қақпасына 10 доп салып, 3 гол жіберіп алған. Ал ұлттық құрама 8 гол салып, 4 допты өз қақпасына кіргізген.
Турнир кестесінде үшінші және төртінші орындарды Дания мен Словения құрамалары бөлесіп отыр. Оларда да ұпай саны бірдей. Екеуінде төрт матчтан кейін 7 ұпайдан бар. Ал бесінші және соңғы орында Солтүстік Ирландия мен Сан-Марино командалары келеді. Британия елінің құрамасында 3 ұпай болса, Сан-Марино әлі бірде бір ұпай алған жоқ.
10 қыркүйекте еліміздің бас командасы өз алаңында осы Солтүстік Ирландия жасағымен ойнайды.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА