Сербия астанасы — Белградта күрес түрлерінен өтіп жатқан әлем чемпионатында ұлттық құрама команданың мүшесі Жәмилә Бақбергенова қола жүлдесі үшін күресетін болды. Ол 72 кг салмаққа дейінгі сында Моңғолияның өкілі Даваанасан Энх-Амаринға жол берді. Екі спортшы биыл көктемде Астанадағы Азия чемпионатының жартылай финалында күрескенде, Бақбергенованың мерейі үстем болған. Сол кезде ол қарсыласын 11:0 есебімен жеңген еді.
Жәмила Бақбергенова осыған дейін екі рет әлем чемпионатының финалына шығып, 2019 жылы Ослодан, былтыр Белградтан күміс жүлдемен елге қайтқан.
Жартылай финалда жеңіліп жатқан соң Жәмила тәуекелге барды. Сол кезде тактика жағынан қателік жіберді. Жәмила чемпионат қарсаңындағы оқу-жаттығу жиыны кезінде тұмауратып қалды. Содан жаттығуды бірнеше күнге тоқтаттық. Соның салдарынан мұнда толық бабында келе алмады. Моңғолиялық балуан осал емес. Лайықты қарсылық көрсетті. Осыған дейін Жәмила екеуі бірнеше рет күрескен. Барлық кездесу осындай қиын болған еді. Енді қола медаль үшін белдесуге дайындаламыз. Келе жатқан Азия ойындарында ол 76 кг салмақта бақ сынайды. Бұл Жәмиланың өз салмағы деп айта аламын, -деп айтты Жәмила Бақбергенованың жеке жаттықтырушысы Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.
Бақбергенова әлем чемпионатын 1/8 айналымнан бастап, Еуропа чемпионатының қола жүлдегері серб Фанни Нагидың жауырынын жерге тигізіп, сосын, ресейлік Ксения Бураковадан 7:1 есебімен айласын асырды.
Бүгін финалда Даваанасан америкалық Амит Элормен күш сынасады. Ал Жәмила Бақбергенова мен франциялық Кендра Дашенің қола медаль жолындағы қарсыласы бүгін күндіз анықталады.
Осы тұста Жәмила Бақбергенова (72 кг) сары құрлық бəсекесінде үш рет жеңімпаз атанған тұңғыш қазақ балуаны екенін айта кетейік. Қазір оның еншісінде Азия чемпионатының бес медалі бар (3 алтын, 1 күміс, 1 қола).
Қазақ спортшысы чемпионаттан кейін ұлттық құрамамен елге оралып, Қытайда өтетін ХІХ жазғы Азия ойындарына дайындықты бастайды. Ханчжоу қаласында ол Олимпиада бағдарламасына кіретін 76 кг салмақта бақ сынап, тәжірибелі Эльмира Сыздықованың орнында күреседі.
Сондай-ақ кеше сынға түскен ұлттық құрама сапындағы Алтын Шағаева (53 кг) бірінші айналымда қытайлық, Ирина Кузнецова (62 кг) екінші белдесуінде германиялық, Елена Шалыгина (68 кг) екінші белдесуінде Моңғолия спортшысынан жеңіліп қалды.
Шамкен БАЙЫРБЕК,
АСТАНА
ФОТО: Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі