• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Қазақстан спортшыларының өткен аптадағы жүлделері

    Туризм және спорт министрлігі хабарлағандай, өткен аптада Қазақстан спортшылары бірнеше жарысқа қатысып, жүлдені жеңіп алды.

    Оңтүстік Кореяның Чангвон қаласында нысана көздеу және стенд атудан өткен лицензиялық Азия чемпионатында Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары 33 медаль, оның ішінде 8 алтын, 11 күміс және 14 қола жүлде (нысана көздеу – 7-7-9; стенд ату – 1-5-4) иеленді. Бұл жарысқа Азияның 32 елінен 800-ден аса мерген қатысты.

    Астанада бокстан жастар мен жасөспірімдер арасында өткен Азия чемпионатында отандастарымыз 15 алтын, 11 күміс және 15 қола медаль жеңіп алды. Оған 400-ден аса жас дарынды боксшы қатысып, күш сынасты.

    Үндістанның Керала қаласында өткен маунтинбайктан Азия чемпионатына ел спортшылары екі жүлдеге ие болды. Кросс-кантриден (олимпик) 23 жасқа дейінгі велошабандоздар арасында Егор Карасев чемпион атанды. Оның уақыт көрсеткіші – 1:21:27.650 секунд (3,5 шақырымнан 6 айналым). Сондай-ақ, кросс-кантри эстафетасында Алмас Сағындықов, Денис Сергиенко, Егор Карасев, Алексей Фефелов, Алина Саркулова қола жүлдеге ие болды.

    Сауд Арабиясының бас шаһары – Ар-Риядта алауы тұтанған V Бүкіләлемдік жауынгерлік өнер ойындарында Қазақстан делегациясы 12 алтын, 13 күміс пен 23 қола медаль жеңіп алып, жалпы есепте үшінші орыннан көрінді. Екі аптаға жуық жалғасқан додаға 16 спорт түрінен 1500-ден астам атлет қатысып, 954 медальді өзара сарапқа салды.

    Теннисші Жібек Құламбаева Тунистің Монастир қаласында өткен ITF W25 турнирінің жұптық бәсекесінде үздік шықты. Ол Африка құрлығындағы жарыста қытайлық Гао Синьюймен жұп құрап, финалда Алена Фалей (Беларусь) – Полина Яценко (Ресей) жұбынан үш сетте – 6:0, 2:6, 10:7 есебімен басым түсті.

    Сондай-ақ ерлер арасындағы әлемдік рейтингте 247-сатыда тұрған Бейбіт Жұқаев АҚШ-тың Шарлотсвилл қаласында аяқталған «Челленджер» турнирінің жеңімпазы атанды. Ол финалда дүниежүзілік рейтингте 376-орында тұрған америкалық Эйдан Мейоны екі сетте 6:3, 6:4 есебімен жеңді. Осы жеңісінің арқасында отандасымыз ТОП 200 теннисшінің қатарына қосылып (195-орын), Қазақстанның екінші ракеткасы атанды.

    Кирилл Герасименко үстел теннисінен Словенияның Оточец қаласында өткен «WTT Feeder Otocec 2023» халықаралық турнирінің жеңімпазы атанды.

    5 қарашада Пәкістанның астанасы — Исламабадта таеквондодан G2 санатында өткен Asian Open Championship халықаралық турнирінде спортшыларымыз 13 медаль алды.

    Алтын медалді  Нұрай Құсайынова (67 кг), Наргиз Қойшыбекова (46 кг), Мария Севостьянова (57 кг), Жавохирхан Исламов (58 кг), Жансель Дениз (+73 кг) жеңіп алса, күміс жүлдені Айдана Еділбаева (46 кг), қола медальді Бексұлтан Мұсахан (68 кг), Эльдар Бірімбай (68 кг), Нұрбол Ерсайынов (87 кг), Арайлым Асқарова (57 кг), Диана Абсенова (73 кг), Жадыра Хайруллина (67 кг) мен Самирхон Абабакиров (58 кг) иеленді.

    Жалпы есепте Қазақстан əйелдер құрамасы бірінші, ерлер командасы үшінші орын алды. Турнирге 21 мемлекеттен 350 таеквондошы қатысты.

     

    ФОТО: Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясы

     

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *