• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    Никита БАСОВ

    Мемлекет басшысы футзалдан Қазақстан-Нидерланд матчын тамашалайды  — ҚФФ

    Бүгін Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында 2024 жылғы футзалдан әлем чемпионатының элиталық іріктеу турнирі аясында Қазақстан мен Нидерланд құрамаларының  матчы болады. Матч сағат 20:30-да басталады.

    Қазақстан футбол федерациясының хабарлауынша, матчты тамашалауға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барады.

    Бұған дейін футболдан Қазақстан мен Сан-Марино командаларының арасындағы ойында футзалдан ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Пауло Рикардо Кака президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесіп, оны футзалдан еліміздің бас командасының ойынына шақырған еді.

    Қасым-Жомарт Кемелұлымен кездесуде ол маған футзалдың өте жақсы дамып жатқанын,  ұлттық құраманың ойынын аренада отырып тамашалағысы келетінін айтты. Мен 14 желтоқсанда Нидерландпен матч болады деп жауап бердім. Президент егер кестеде уақыт болса, біздің ойынға міндетті түрде келетінін ескертті, — деді Кака.

    Қазақстан футзал федерациясының вице-президенті Нұрсұлтан Құрманның айтуынша, бүгін президент матчқа келеді. Өйткені, бәрі келісіліп қойылды.

    Қазақстан құрамасының ойыншысы Әбдірасул Әбдіманапұлының айтуынша, ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Кака ойыншыларға ақылын айтып, мотивация беріп жатыр.

    Бұл ойынның жауапкершілігін сезінеміз. Әлем чемпионатына барып, еліміздің атын шығарғымыз келеді, — деді ол.

    Ал Қазақстан құрамасының қақпашысы Лео Игита команданың матчқа аса жауапкершілікпен дайындалып жатқанын айтты.

    Нидерланд құрамасы кейінгі үш жылда жақсы дамып келеді. Жаңа жаттықтырушы келді. Олар әдемі ойын өрнегін көрсетуде. Алаңда жақсы қозғалады. Бірін-бірі түсінеді. Матчқа жауапкершілікпен дайындалып жатырмыз. Бұл матч қызықты да тартысты болады. Өйткені, біз де әдемі ойын өрнегін көрсетеміз. Десе де ойын оңай болмайды. Нидерландтықтар да әлем чемпионатына барғысы келеді. Мүмкіндікті пайдалануға тырысады, — деді ол.

    Сонымен бірге ол алаңда 100 пайызға беріліп ойнайтынын айтты.

    Осы ойынмен, осы спортпен өмір сүремін. Қазақстан құрамасымен әлем чемпионатының алтын жүлдесін жеңіп алғым келеді. Өйткені, бұл елде маған мүмкіндік беріліп, өмірімді өзгертті, — деді қақпашы.

    Қазақстан құрамасы әлем чемпионатына іріктеу турнирінде Румыния, Әзербайжан және Нидерланд құрамаларымен бірге А тобында ойнап жатыр. Қазір футзалдан еліміздің бас командасы төрт ойыннан кейін 12 ұпаймен көш бастап келеді. Ал қоржынында 1 ұпайы бар Нидерланд құрамасы 4-орында тұр.

    Енді осы матчта Қазақстан құрамасы жеңіске жетсе, келесі жылы болатын әлем чемпионатына жолдама алады. Ал мундиаль 2024 жылғы 14 қыркүйек пен 6 қазан аралығында Өзбекстанның Ташкент қаласында болады.

    Футзалдан әлем чемпионаты элиталы турнирі 20 желтоқсанда аяқталады. 14 және 20 желтоқсанда әлем чемпионатына  қатысатын 7 команданың бесеуі анықталады.

    Элиталы раундтағы бес топтың жеңімпаздары әлемдік додаға тікелей жолдама алады. Ал 2-орын алған төрт үздік команда плей-офф матчтарында ойнайды. Олардың жеребесі 2024 жылы 25 қаңтарда тартылады. Ал ӘЧ жолдамасы үшін қалған екі матч 2024 жылдың 8-17 сәуіріне жоспарланған.

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *