• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    facebook.com

    Қазақстан спортшылары құрмет тұғырына көтерілді

    Таэквондо: Түркияның Анталья қаласында таэквондодан G1 санатына кіретін Turkish Open халықаралық жарысында Қазақстан құрамасы ересектер арасында 3 медаль жеңіп алды. Жансель Дениз (73 кг) бен Самирхон Абабакиров (73 кг) күміс жүлдегер атанса, Руслан Жапаров (+87 кг) үздік үштікті түйіндеді.

    Ал Тегерандағы (Иран) Fajr Open халықаралық турнирінде жерлестеріміз тоғыз жүлде жеңіп алды. Бейбарыс Қаблан (87 кг) мен Мария Севостьянова (57 кг) күміс жүлдегер атанса, Тамерлан Тілеулес (58 кг), Нұрқанат Қожахмет (80 кг), Нұрлан Мырзабаев (87 кг), Мақсат Орынбасар (74 кг), Ботакөз Қапанова (49 кг), Камила Аймұқашева (62 кг) мен Айдана Сүндетбай (53 кг) қола медаль олжалады.

    15-18 ақпан аралығында, АҚШ мемлекетінің Рено қаласында US Open G2 атты жасөспірімдер арасында халықаралық турнир өтті.

    Бұл сында Қажымұқан Мұңайтпасов атындыға оқу-спорттық ордасының таеквондошысы  Еркін Әлинұр ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп, жеңімпаз атанды.

    Велоспорт: Түркияның Анталья қаласында өткен маунтинбайктан Kuzilalan Cup (Қызылалан кубогі) жарысында жерлестеріміз үздіктер қатарынан көрінді. Кросс-кантри бағдарламасында Алина Саркулова тағы топ жарып, 2-алтын медалін мойнына тақты. Ол бір күн бұрынғы әйелдер арасындағы жарыста да жеңіске жеткен еді. Сонымен қатар Ұлттық құрама спортшысы Татьяна Генелева бір күміс, бір қола медаль иеленді. Ерлер сайысында Денис Сергиенко күміс жүлдегер атанды.

    Желкенді қайық: Қатардың астанасы — Дохада ұйымдастырылған желкенді қайық спортынан халықаралық регатада Қазақстан құрамасы 1 күміс, 3 қола медаль жеңіп алды. Zest санатында Карина Жанғазова 2-орыннан көрінді. Ал Антон Гаас «лазер» санатында, Карина Жанғазова жекелей сында, Берік Кубаев пен Яна Белозерова жұбы «470» санатында үздік үштікті түйіндеді.

    Спорттық гимнастика: Каирде (Мысыр) өтіп жатқан 2024 жылғы алғашқы Әлем кубогі кезеңінде ұлттық құрама спортшысы Зейнолла Ыдырысов ат снарядындағы жаттығуда қола жүлдеге ие болды. Ол 14.800 ұпай жинап, Ахмад Әбу Әл-соуд (Иордания) және Хур Унтан (Оңтүстік Корея) кейінгі нәтиже көрсетті.

    Дзюдо: Ұлттық құрама спортшысы Әбиба Әбужақынова Әзербайжан астанасы Бакуде өткен Grand Slam жарысында қола медаль жеңіп алды. Ол 48 кг дейінгі салмақта жүлде жолында Бельгия атлеті Лойс Петиттен айласын асырды. Бұл – Әбибаның биылғы әлемдік додаларда алған екінші жүлдесі.

    Ауыр атлетика: Қостанай қаласында ауыр атлетикадан ел чемпионатының кезекті жарыс күні ерлер 73 кг, әйелдер 64 кг дейінгі салмақтағы үздіктерді анықтады.

    Ерлер арасында бас жүлде үшін талас Әлібек Рахымберді мен былтырғы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы Ерасыл Сәулебековтің арасында өтті. Бүгін Әлібектің мерейі үстем түсті.

    Ерлер, 73 кг:

    1.Әлібек Рахымберді (Алматы қаласы) – 306 кг (131 кг+175 кг)

    2.Ерасыл Сәулебеков (Қызылорда облысы) – 293 кг (128+165)

    3.Бексұлтан Айтбай — (Қызылорда облысы) – 279 кг (119+160).

    Жарыс өте тартысты өтті. Қарсыласымның бәрі жеңіске жетуді қалағаны сезілді. Нәтижеме көңілім толады. Биылғы жоспарым – жастар арасындағы әлем чемпионатында жеңіске жету, — деді Әлібек Рахымберді.

    Әйелдер арасында Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Карина Горичева жақсы өнер көрсетіп, мықтылығын паш етті.

    Әйелдер, 64 кг:

    1.Карина Горичева (Жетісу облысы) – 198 кг (90+108)

    2.Айғаным Жанболат (Алматы облысы) – 190 кг (85+105)

    3.Кира Данилова (Ақмола облысы) – 185 кг (84+101).

    Жүлде үшін тартысты жарыс болды. Ізімізді басып, өсіп келе жатқан жастардың деңгейі көзге көрініп тұр. Мен үшін биылғы басты жарыс желтоқсанда өтетін әлем чемпионаты. Келе Олимпиадаға дейін спортта қалам ба деген сұраққа келсек, өзімді әлі тың сезінем. Өзіме сенімдімін, алға қойған мақсатым бар, — деді Карина Горичева.

    Шорт-трек: Нидерланд елінде (Херенвен қаласы) шорт-трек спорт түрінен жастар арасында өтіп жатқан Әлем кубогының III кезеңінде Қазақстан спортшылары күміс медальға ие болды. Қыздар арасында 3 000 метрге эстафеталық жарыста ұлттық құрама командасының «төрттігі» екінші орынға тұрақтады.

    Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мектеп-интернат-колледждің оқушы-спортшылары Полина Омельчук пен Анастасия Астраханцева әлемдік жүлдені жеңіп алуға қомақты үлестерін қосты.

    Естеріңізге салсақ, Полина Омельчук жуырда Оңтүстік Кореяда (Кангвон қаласы) жасөспірімдер арасында өткен IV қысқы Олимпиялық ойындардың қола жүлдегері атанған болатын.

     

    Туризм және спорт министрлігінің материалдары негізінде әзірленді

     

     

     

     

     

     

     

     

     

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *