• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы

    Қазақстан спортшылары XX қысқы Сурдлимпиада ойындарына аттанды (ВИДЕО)

    Бүгін Алматы қаласынан есту қабілеті зақымданған спортшылардың ұлттық құрамасы 2-12 наурыз аралығында Түркияның Эрзурум қаласында өтетін XX қысқы Сурдлимпиада ойындарына аттанды.

    Оған 36 мемлекеттен 1000-ға жуық спортшы қатысады. Жарыста спорттың тау шаңғысы, сноуборд, шаңғы жарысы, шахмат, футзал мен керлинг түрінен 34 комплект медаль сарапқа салынады.

    Қазақстан тарапынан осы қысқы ойындарға шахмат, сноуборд және шаңғы жарысынан  26 спортшы қатысады.

    Салтанатты рәсімде Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы директорының міндетін атқарушысы Ержан Естаев сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі.

    Көк байрағымызды желбіретіп, халықаралық жарыста өнер көрсету — әр спортшы үшін теңдесі жоқ мүмкіндік. Осы сәтке жету үшін сіздер көп еңбек етіп, талай белесті бағындырдыңыздар. Жарысқа дайындалу мақсатында алты республикалық жарыс пен тоғыз оқу-жаттығу жиындарына қатыстыңыздар. Ендігі жарыста лайықты өнер көрсету өз қолдарынызда. Біз сіздерге сенеміз, — деді Ержан Есімханұлы.

    Оған қоса, спортшыларды ресми түрде шығарып салу кезінде қысқы Сурдлимпиада ойындарының ашылу салтанатына еліміздің туын ұстап шығу мәртебесі шахматтан әлем чемпионатының қола жүлдегері Сұлтан Қожахметовке тапсырылды. Спортшыға туды Сиднейде өткен жазғы Олимпиялық ойындардың чемпионы Ермахан Ыбрайымов табыс етті.

    Шахматпен айналысқаныма 10 жылдан астам уақыт болды. Биыл алғаш рет қысқы Сурдлимпиада ойындарына қатысқалы тұрмын. Бұл жарыста еліміздің туын ұстап шығу мен үшін үлкен абырой. Ел үмітін ақтап, үздіктер қатарында болуға барлық күш жігерімді саламын!, — деді Сұлтан Қожахметов.

    Қазақстан құрамасы алғаш рет 2015 жылы қысқы Сурдлимпиада ойындарына қатысты.  Ал, 2019 жылы Италияның Сондрио провинциясында өткен Ойындарда еліміз өзінің алғашқы алтын медалін жеңіп, жетінші орыннан көрінді.

     

    Құралай ӘШІМХАНОВА

     

    View this post on Instagram

     

    A post shared by CSP-parasport.kz (@csp_parasport.kz)

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *