Су спорты түрлерінен өтетін әлемдік жарыстарда Қазақстан спортшылары алтын тұғырға көтеріліп көрмеп еді. Осы бір олқылықтың орнын жуырда қазақстандық спортшылар толтырып, әлем чемпионатында топ жарды.
Нақтырақ айтсақ, су спорты түрлерінен Қазақстан құрамасы әлем чемпионатында алғашқы алтын медальді жеңіп алды. Мұндай толғай табысқа жеткен қос спортшымыздың тарихи жеңісін елге сүйіншілеп айтуға болады. Тарихи нәтижені Қаркен Ахметов атындағы Олипиадалық резервінің арнайы республикалық мамандандырылған мектеп-интернат колледжінің түлектері Эдуард Ким мен Наргиза Болатова иеленді. Катардың астанасы — Доха қаласында өткен әлем чемпионатында жұптық сында техникалық бағдарламада үкілеп қосқан қос таланат ел сенімін ақтап, чемпион атанды.
Сонымен қатар 2024 жылдың 21-24 ақпан аралығында Теміртау қаласында жүзуден жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионаты өткен болатын. Спорт мектеп-интернат-колледждің жүзушілері бұл чемпионатта да жақсы нәтиже көрсетті. Жарыс нәтижесі бойынша: Қаркен Ахметов атындағы Олипиадалық резервінің арнайы республикалық мамандандырылған мектеп-интернат колледжінде су спортында жаттығатын спортшылар брасс, аралас эстафета, эстафета еркін стиль, комплекс және шалқалап жүзу әдістері бойынша 3 алтын, 9 күміс және 3 қола медаль жеңіп алған.
Жеңістің бас тұғырында Анна Пупко, Сергей Матвеев, Ева Милинина алтын жүлдеге ие болып, мектеп-интернаттың атын елге аян етті. «Қолы ұста адамның қойнында алтыны бар»-демекші, бұл орайда шәкірттерін жаттықтыруда толассаз еңбек еткен бапкерлерінің жұмысының жемісін көріп отырмыз. Бапкердің қойған ұстанымын дұрыс қолдана білген жалында жастар алтын алқаларын мойындарына тақты. Айтулы Қаркен Ахметов атындағы Олипиадалық резервінің арнайы республикалық мамандандырылған мектеп-интернат колледжінде оқып, жаттығып жүрген жасөспірім саңлақтардың өзге спорт түрлерінде де әлем жарыстарында олжа салып жүргенін жақсы білеміз. «Алтын шыққан жерді белден қаз» демекші, ұлғатты ұстаздар мен білкті бапкерлер тоғысқан киелі шаңырақта талай таланттардың көзін ашып дүбірлі жарыстарға қосып жатқан бұл мектеп-интернатты көпке үлгі етіп айтуға толықтай болады.
Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,
АЛМАТЫ