Түркияның Эрзурум қаласында өтіп жатқан XX-қысқы Сурдлимпиада ойындарында Қазақстан ерлер құрама командасы классикалық шахматтан 10 ұпай жинап, қола медальға ие болды. Ал жарыстың алтын жүлдесін 12 ұпай жинаған Хорватияның спортшылары жеңіп алды. Күміс медаль 11 ұпай жинаған Польша командасына бұйырды.
Ұлттық құрама сапында Сұлтан Қожахметов, Самажан Кеттебеков, Максим Рожков, Амангелді Наурызғалиев, Мейірман Пернеев пен Виктор Максименко ойнады.
Классикалық шахматтан жарыс қызықты да тартысты болды. Қарсыластарымыз осал болмады. Ойын кезінде еліміздің спортшылары Италия, Германия мен Сербия құрама командаларын жеңіп, Украина мен Польша командаларымен тең ойнап, тек Хорватия командасына есе жіберген болатын. Жарыстың нәтижесінде командамыз 7 турдан өтіп, он үш команда арасында үшінші орынға тұрақтады, — деді шахматтан аға жаттықтырушы Елдос Күзербаев.
2 наурызда басталған XX-қысқы Сурдлимпиада ойындары 12 наурызға дейін болды. Оған Қазақстаннан 26 спортшы қатысып, шахмат, сноуборд пен шаңғы жарысынан бақ сынады.
Құралай ӘШІМХАНОВА,
АСТАНА