Түркияның Эрзурум қаласында 2-12 наурыз аралығында өткен XX-қысқы Сурдлимпиада ойындары өз мәресіне жетті.
Төрт жылда бір рет өтетін дүрмекті додаға 36 мемлекеттен 1 000-нан астам спортшы өнер көрсетті. Оған Қазақстаннан шаңғы жарысы, сноуборд және шахмат спорт түрлерінен 26 спортшы қатысты.
Бұған дейін хабарланғандай, қысқы ойындарда Қазақстан ерлер құрама командасы клаcсикалық шахматтан қола медаль жеңіп алды.
Жарыста құраманың шахматшылары Италия, Германия, Сербия ойыншыларын жеңіп, Украина мен Польша командаларымен тең ойын көрсетіп, тек Хорватияға ғана есе жіберді.
Бұл нәтижелермен командамыз 7 турдан кейін 10 ұпай жинақтап, үшінші орынға орналасты. Алтын медаль Хорватия құрамасына (12 ұпай), ал күміс жүлде Польша командасына (11 ұпай) бұйырды.
Ұлттық құрама сапында Сұлтан Қожахметов, Самажан Кеттебеков, Максим Рожков, Амангелді Наурызғалиев, Мейірман Пернеев пен Виктор Максименко ойнады.
Үшінші орынға тартыста біздің басты қарсыластарымыз Украинаның спортшылары болды. Соңғы сәтке дейін жеңімпаз кім болатыны белгісіз еді. Ақыр аяғында, Қазақстан мен Украинаның ұпайлары тең шықса да, коэффициент бойынша біз алға шықтық. Бұл жеңіс үлкен еңбектің жемісі. Елімнің туын жоғары көтере алғаныма қуаныштымын, – деді Сұлтан Қожахметов.
Оған қоса, қысқы Сурдлимпиада ойындарында шаңғышы Владислав Гришин 10 км қашықтықта 16 спортшының арасында төртінші орынға ие болды. Жұптық спринтте ерлер және әйелдер құрама командалары да төртінші орынға тұрақтады.
Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының директорының орынбасары Өмірзақов Әділхан Болатханұлының айтуынша, Қазақстан спортшылары қысқы Сурдлимпиада ойындарына үшінші рет қатысты.
Спортшыларымыз мұндай маңызды жарыстарға қатысып, тәжірибе жинақтап, өз мүмкіндіктерін сынап көрді. Көш жүре түзеледі демекші сурдо спортшыларымыздың алар асулары әлі алда деп сенемін, – деді ол.
Сонымен бірге ол еліміз биылғы жарысқа үшінші рет қатысса да шахмат, сноуборд пен шаңғы жарысына 25 спортшы апарып жаман өнер көрсетпегенін айтты.
Құралай ӘШІМХАНОВА,
АСТАНА