• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Тау тұлға ағамыздың турнирі (ФОТО)

    Алматыда аты әлемге мәшһүр балуан, Олимпиада және әлем чемпионы, «Еңбек ері» атағының иегері Жақсылық Үшкемпіровты еске алуға арналған жасөспірімдер арасында республикалық турнирдің жалауы көтерілді.

    Жақсылық ағамызды артық айтқанымыз емес, жас та кәрі де жақсы көруші еді. Өйткені, Жәкең марқұм жетімнің басын сипап, жесірге жәрдем, еліне демеу болған, халық сүйіп құрметтейтін ерекші тұлға болғанын жақсы білеміз.

    Алысқа бармай-ақ өз шаруашылығын дөңгелетіп жатқан Мыңбай ауылын қалай көркейткенін ауыл халқы сағына ыстық ықыласпен айтып отырады. Жалпы, Жақсылық ағамыздың шарапатын көрмеген адам кемде кем шығар. Адамдар арасында Алланың нұры қонған, жаратылысы ерек қайырымды, мейірімді әрі жомарт адам кім десе, Жақсылық ағаны көрсетер едік.

    Иә, Алланың ісіне шара жоқ, сұм ажал асқартаудай ағамызды ортамыздан суырып алып кетті. «Артында бар ағарар» деген асыл ағамыздың соңынан ерген Жеңіс, Жандос, Елдос сынды үш ұлы әкесінің әке рухын жаңғыртып игілікті іс шара, жарыстарды жарасыммен өткізіп жалғастырып келеді. «

    «Орнында бар оңалар» деген осы болар. Бүгінгі ардақты ағамызды еске алуға арналған аламан турнирде кілем төрінде аймақтарына аты шыққан бозбала бота балуандар жеңіс үшін жанын салды. Төр төсінен орын алған құрметті қонақтардың арасында Олимпиада чемпиондары Ермахан Ибраимов, Юрий Мельниченко мен белгілі былғары қолғап шебері, КСРОчемпионы Кәрімжан Әбдірахманов турнирдің ашылу салтанатында бой көрсетіп, жарысқа қатысты ақтілектерін жеткізді. Сонымен қатар қоғам қайраткері, генерал Сәт Тоқпақбаев, Жақсылық ағаның қарындасы Шырынкүл Үшкемпірқызы Әмірәлиева ортағы шығып, турнирге қатысушыларға ақ баталарын берді.

    Айтулы жарысқа арнайы шақырылған «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Болат Тоқтабайұлы Құрымбаев ұйымның атынан атақты Жақсылық ағамыздың ұлы Елдосқа «Ұлт патриоты» атты орденді құрметпен марапаттап, алғыс хатты табыс етті.

    Абыз да айшықты ағамыздың талай рет шарапатын алып амандығын сұрастырып жүретін інісі ретінде жуырда ғана жарыққа шыққан «Қазақ күресінің қара нарлары» атты қазыналы, құнды кітабымды ұлы Елдосқа мен де тарту еттім. Өйткені, кітапта Жақсылық ағамыздан қазақ күресі туралы жазып алған көлемді сұхбат мақалам бар еді. Сондықтан бұл кітапты табыс етудің өз орны бар еді деп ойлаған едім.

    Хош, сонымен аты әйгілі тау тұлға ағамыздың турнирінде ас беріліп, құран оқылды. Енді бозкілемге шыққан бота балуандар Жақылық аталарындай Олимпиада жарысында топ жару үшін бүгінгі турнирде барын салып көптің алғыс, батасын алуға тырысары анық.

    Жақсылық ағамыз көзі тірісінде: «Шіркін, менің ізімді басатын Олимпиаданы жеңетін бір қазақтың қара домалық баласы шықса екен», деп армандап жүруші еді. Кім білсін, ағамыздың арманы орындалып, осы қара домалақтардың арасынан Олимпиада чемпионы шығып қалуы әбден мүмкін шығар. Алла нәсіп етіп, ол күннің де ауылы алыс емес деген үміттеміз.

     

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

    Фото: Болат ЕСІРКЕПОВ

    АЛМАТЫ

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *