Астанада бокстан 13-18 мамыр аралығында өтетін «Елорда кубогы» турниріне ұлттық құрама команданың аса ауыр салмақтағы боксшысы, Олимпиада және әлем чемпионатының жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев та қатысады.
Қазір ол ұлттық құраманың басқа да боксшыларымен бірге турнирге дайындалып жатыр. Қоңқабаев Олимпиадаға жолдаманы бәрінен бұрын алып қойған. Ол былтыр Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен ХІХ жазғы Азия ойындарының финалында өзбекстандық Баходир Жалоловтан жеңілсе де Олипиадаға лицензияны алған болатын.
Содан кейін ол биылғы наурызда Әзербайжан Республикасының астанасы – Бакуде болған «Ұлы жібек жолы» халықаралық турниріне қатысты. Осы турнирде боксшы ресейлік Рамазан Карнукаевқа бірінші айналымда есе жіберді. Енді міне, Қоңқабаев Олимпиада алдында тағы бір турнирге қатысуға бел байлап отыр. Оның айтуынша, ол біраздан бері Олимпиадаға дайындалып келеді. Биылғы «Елорда кубогы» турниріне осал боксшы қатыспайды. Сондықтан жарысқа жақсы дайындалып, Олимпиадада ел намысын лайықты қорғау үшін бара жатқаныңды көрсету керек.
«Елорда кубогы» турнирінің жауапкершілігі зор. Астанадағы турнирге 7-8 мемлекеттен спортшылар келеді. Бәрінің де қарқыны жақсы. Қазіргі жоспарымыз — осы жарыстағы әлеуетімізді байқап, кейін Олимпиадада қате жібермеуге тырысу.
Жақында Бакуде өткен халықаралық жарыста ресейлік боксшыдан жеңіліп қалдым. Өзімнен қате кетті. Енді сол олқылықтармен жұмыс істеп жатырмын. Тамақтану, режим, дайындық — бәрі ойдағыдай. «Елорда кубогынана» кейінгі жоспарымызды бапкерлер жасайды, — деді Қоңқабаев.
Ол Олимпиадада қателеспеуге тырысатынын, бүкіл ел алдында өзіне жүктелген міндет пен жауапкершілікті жақсы сезініп жүргенін, ел намысын абыроймен қорғауға қолда бар күш-жігердің бәрін салатынын айтты.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА