Қазыбек Нөгербек Үндістанның Гандинагар қаласында өткен 20 жасқа дейінгі шахматшылар арасындағы әлем чемпионатында алтын жүлдені жеңіп алды, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясы.
Ол классикалық шахматтан 11 турдан кейін 8,5 ұпай жинады. Қазір Қазыбек Нөгербектің FIDE-дегі рейтингі — 2501.
Нөгербек инновациялық білім беру бағдарламасында шахматтан педагог-жаттықтырушы мамандығы бойынша оқиды. Бұл жеңіс шахматшыға алтын медаль ғана емес, Әлем кубогына жолдаманы да алып берді.
Шахматшы осыдан екі жыл бұрын Грекияда өткен 18 жасқа дейінгі ойыншылар арасындағы әлем чемпионатында рапид пен блицте чемпион атанған болатын.
Биылғы чемпионатқа 44 мемлекеттен 226 шахматшы қатысты.