Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясы Астанада 8-13 қыркүйек аралығында өтетін көшпенділер ойынын тамашалауға келетін турист саны 100 мыңнан асуы мүмкін екенін хабарлады.
Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының бағдарламасы спорт, мәдениет, ғылым сынды негізгі үш саланы қамтиды. Осы үш саланы біріктірудің арқасында көшпенділер мәдениетін зерттеп, әлемдік деңгейде насихаттау мүмкіндігі артады.
5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарында ат спорты түрлері, ұлттық күрес түрлері, садақ ату, интеллектуалды ойындар, саятшылық өнер, жалпы саны ұлттық спорттың 21 түрінен жарыс өтеді. Жарысқа жалпы саны 2 500 спортшы қатысады.
«Қазанат» ипподромы мен оның маңында орналасатын «Көшпенділер әлемі» этноауылында ат жарыс, көкпар, саятшылық өнері мен садақ ату жарыстары болады. Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы мен «Алау» мұз айдынында» ұлттық күрес түрлерінен, «Думан» қонақ үй кешенінде инттелектуалдық ойындар сайысы өтеді. Ашылу салтанаты «Астана-Арена» стадионында, жабылуы «Қазанат» ипподромында өтеді деп жоспарланған, — деп хабарлады Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясы.
Қазір «Қазанат» ипподромында күрделі жөндеу жұмыстары болып жатыр.
Толық іске қосылғанда ипподром 10 мың көрерменді қабылдай алады.
«Астана-Арена» мен «Алау» мұз айдыны» сарайы да жөнделеді.
Көшпенділер ойындарының идеясын толық ашу үшін еліміздің барлық аймағында «Бірлік керуені» жобасы іске асырылады.
«Қазанат» ипподромының аумағында «Көшпенділер әлемі» атауымен этноауыл құрылады. Ол жерде Қазақстан мен әлем елдерінің үздік қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі, шеберлік сабақтары өтеді. Ақындар айтысы мен төл мәдениетімізді паш ететін басқа да іс-шаралар ұйымдастырылады.
Этноауылды бір күнде 30 мың адамның аралауына жағдай жасалады.
5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары кезінде Ұлттық музейде Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді. Онда көшпелі халықтар өркениетінің адамзат тарихындағы маңызы мен мұрасы зерттеліп, ғылыми баға беріледі, — делінген хабарладама.
Биылғы көшпенділер ойындарының ұраны — «ҰЛЫ ДАЛА ДҮБІРІ».
Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының алғашқы үш жарысы Қырғызстанның Шолпан Ата қаласында болды. Одан кейін Дүниежүзілік ойындар 2022 жылы Түркияның Изник шаһарында ұйымдастырылды.
Жақында Парламент Сенаты мен Мәжіліс депутаттарына Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық тансытырылды.
Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаевтың жетекшілігімен өткен басқосуда халық қалаулыларына жеңімпаздар мен жүлдегерлерге берілетін медаль үлгісі де көрсетілді.