Жәмила Бақбергенова Албанияның астанасы — Тиранада өтіп жатқан күрестен әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болды, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Ол 72 кг дейінгі салмақтың финалында жапон палуаны Ами Ишимен күш сынасып, аса тартысты белдесуде 6:10 есебімен жеңіліп қалды.
Бұл — 28 жастағы бозкілем шеберінің ересектер арасындағы әлем чемпионатындағы төртінші медалі. Жәмила Бақбергенова 2021 жылы Ослода, 2022 жылы Белградта күміс жүлдегер атанған. Ал былтыр Сербияның астанасында үздік үштікті түйіндеген.
Айта кетейік, Бақбергенова кеше Тирана төрінде молдовалық, содан соң чех және моңғолиялық қарсыласпен күш сынасып, жеңіске жеткен.
Жәмила Бақбергенованың жеке жаттықтырушысы — Нұрсұлтан Теміров.