Еркін күрестен Қазақстан қоржынына алтын медаль түсті. Нұрқожа Қайпанов Албанияның бас қаласы Тиранада өтіп жатқан әлем чемпионатын жеңіп алды.
Отандасымыз финалда жапон палуаны Йошиносуке Аоягиден басым түсті. Есеп – 5:3.
Нұрқожа Қайпанов дәл осы салмақта (70 кг) 5 жыл бұрын еліміздің астанасында өткен әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болған еді.
Осылайша, елімізден екі жыл қатарына еркін күрестен әлем чемпионы шықты. Былтыр Сербияның астанасы — Белградта Ризабек Айтмұхан 92 кг дейінгі салмақта топ жарған.
Айта кетейік, кеше Қайпанов іріктеуде Митчелл Финесилверді (Израиль), кейін Николай Грахмез (Молдова) бен Акаки Кемертелидзені (Грузия) айқын басымдықпен жеңген. Жартылай финалда тәжікстандық Абдулмажид Кудиевті таза жықты.
Осымен Тиранадағы Олимпиада бағдарламасына кірмейтін салмақтар бойынша әлем чемпионаты мәресіне жетті.
Қазақстан құрамасы 1 алтын, 2 күміс медаль жеңіп алды. Осыған дейін грек-рим күресінің шебері Ержет Жарлықасын (63 кг) мен Жәмилә Бақбергенова (72 кг) күміс медаль алды.
Шамкен БАЙЫРБЕК,
АСТАНА