Бокстан Будва (Монтенегро) қаласында өтіп жатқан жастар арасындағы әлем чемпионатында ел қоржынына алғашқы алтын жүлде түсті, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Атап айтсақ, 67 кг салмақта Төрехан Сабырхан финалдағы жекпе-жекте Куба боксшысы Дэвид Эспиносаны 4:1 есебімен жеңді. Екі боксшы биыл наурыз айында жастар арасында өткен Әлем кубогында да кездесіп, отадасымыз басым түскен еді. Осы жолы да Сабырхан Бостандық елінің боксшысынан айласын асырды.
Төрехан Сабырханның биылғы жылы қатысқан жарыстары:
Алтын медаль – жастар арасында әлем чемпионаты
Алтын жүлде – «Еуразия кубогы» халықаралық турнирі
Алтын медаль – Мұхтархан Ділдәбековтің жүлдесі үшін халықаралық турнир
Алтын жүлде – жастар арасында Азия чемпионаты
Алтын медаль – жастар арасында Әлем кубогы
Осылайша, Париж Олимпиадасына баруға үмітті болған Төрехан Сабырхан жастар санатында әдемі нүкте қойды.